Халықаралықаралық бағдарлама бойынша екі университет арасындағы ынтымақтастық

28.05.2019

Көрулер: 2034

Жақында «Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті» Мемлекеттік бағдарлама бойынша ғылыми іс-сапардан (Италия, Рим) дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, т.ғ.д., РҒЗО директоры, ҚР ҰҒА құрметті академигі Қ.Т. Жұмағұлов келді. La Sapienza  Universita di Roma тарих, антропология және дін департаментінде профессор Қ.Т. Жұмағұлов және профессорлар Fabio Grassi мен Gaetano Lettieri магистрлар мен студенттердің Халықаралық қос диплом бағдарламасы бойынша тәжірибелік дайындықтарын талқылады. Бұл бағдарлама Қазақстан мен Италия университеттері арасында алғаш рет 2015 жылдан бастап сәтті жүзеге асып келеді.

Профессор Қ.Т. Жұмағұлов Ла-Сапиенза университетінде кездесу және баяндамалар жасау барысында Орталық Азия мен Қазақстанның ерте және ортағасырлар тарихы бойынша мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, ол профессорлардың, ғылыми қызметкерлердің және студенттердің қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының тарихы бойынша сұрақтарына да жауап берді.

Biblioteca Apostolica Vaticana және Archivio Segreto Vaticana – да Қ.Т. Жұмағұлов сирек кездесетін деректерге, сонымен бірге құпия архив материалдарына  көп көңіл бөлді. Ол Дешті-Қыпшақ, Алтын Орда, Ұлы Жібек жолындағы Батыс пен Шығыстың интеграциясы жөнінде материалдарды анықтады. Бұл ең алдымен Рим папаларының, монғол билеушілерінің, Алтын Орда хандарының, Персиядағы елхандардың хат алмасулары. Осы сирек кездесетін латын тіліндегі манускриптілер Қазақстан, Түркі әлемі мен Орталық Азия тарихына көп жаңалықтар қосады.

23 мамырда Римде болған іс сапардың барысында ҚазҰУ профессоры Италиядағы Қазақстан елшілігінде болды. ҚР Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сергей Нұртаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Римдегі La Sapienza университетінің қарым-қатынасына зор қанағаттанушылығын білдірді. Ғылым мен білімнің әрі қарайда осы ағымда дамуына сәттілік тіледі.

Тағы бір қуантарлық жәйт, Италия Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшілігі тарих ғылымының докторы, профессор, «Дүние жүзі тарихын зерделеу» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жұмағұлов Қалқаман Тұрсынұлына екі университет, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Римдегі La Sapienza университеті арасындағы ынтымақтастыққа қосқан жеке үлесі және қажымас еңбегі үшін алғысын білдірді.

Төтенше және Өкілетті елші С. Нұртаевтың ресми алғыс хатын профессор Қ.Т. Жұмағұловтың қолына университеттің Ғылыми кеңесінің мәжілісінде академик Ғ.М. Мұтанов салтанатты түрде тапсырды.

Дүние жүзі тарихы, тарихнама және дерекатану кафедрасы