X-шы Республикалық студенттік пәндік Олимпиаданың жеңімпаздары.

29.03.2018

Көрулер: 2589

2018 жылдың 29 наурызында "Менеджмент және маркетинг" кафедрасының ұйымдастыруымен "Жергілікті және мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша "Инновациялық идеялар - жетістікке жетелер жол" атты X Республикалық студенттік пәндік олимпиада өткізілді. Мақсаты жан-жақты шығармашылық қабілетті дамыту және инновацияларға деген талпынысты арттыру болып табылатын аталмыш топтық бәсекеге әл-Фараби атыңдағы ҚазҰУ студенттері де қатысып, бақ сынады.
Пәндік олимпиадаларға қатысу  студенттерге алған теориялық білімдерін  көрсетуге, шығармашылық қабілеттерін  арттыруға,  инновациялық идеяларын  ұсынуға және өз ойын  ортаға салып,  топпен  бірлесіп жұмыс істеуге  мүмкіндік береді.

Білім  мен ғылымның  қарашаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен Республикалық студенттік пәндік олимпиада екі кезеңнен тұрды. "5В051000 - Жергілікті және мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша сайысқа қатысуға Қазақстан Республикасының әр түрлі ЖОО-нан  барлығы 27 ұсыныс келіп түсіп, екінші кезеңде  6 ЖОО-нан 7 топ қатысқан болатын.
Айта кетерлік жайт, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Экономика және бизнес Жоғарғы мектебінің намысын қорғап,  осы олимпиадаға қатысқан студенттер жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, бірінші орынды "Skriptum"  инновациялық жобасын ұсынған "Конгресс" (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тобы иеленді. Білім бәйгесінде оза шауып, "Карусель типті инновациялық тұрақтар" атты жобаны ұсынған "THE MILLENIALS" (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тобы жүлделі екінші орынды қанжығаларына  байлады.
   Жеңімпаздар мен ғылыми жетекшілерді құттықтай отырып , жаңа белестерді бағындырып, жаңа жетістіктерге жетулерін тілейміз!

 

«Менеджмент және маркетинг» кафедрасының  аға оқытушысы Есенжигитова Р.Г.