«Менің Қазақстаным - Мәңгілік Ел» атты оқу марафоны.
Көрулер: 2111
Логистика мамандығының 1 курс студенттері «Менің Қазақстаным - Мәңгілік Ел» атты оқу марафонын өткізді. Оған «Менеджмент және маркетинг» кафедра аға оқытушылары Маликова Р.М., Абдикул Ш.Н., эдвайзер Оразымбетова А.Ш. қатысты.
Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Яғни, сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат - мүдделер туралы өзекті мәселе қарастырады. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қадам басатынын және бұқаралық сананың өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөлісті. Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар, талай - талай жаңалық ашар білімділер керек. Осы Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенімізді сезінуіміз керек. “Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан!”- деп Ұлы ақын Абай атамыздың сөзімен «Менің Қазақстаным - Мәңгілік Ел» атты оқу марафоны өз мәресіне жетті.






