ТҮРКІ КИНО ӘЛЕМІНІҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ғылыми әрі деректі туындылар дайындайтын жаңа медиа орталық ашылады.

Бұл туралы бүгін ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демирмен кездесуі барысында белгілі болды.

Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Түркі дүниесі Журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир мырзаға түркі халықтарының өзара қарым-қатынасын нығайту үшін қосып келе жатқан үлесі үшін өз алғысын айтты. «Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Түркі дүниесінің деректі фильмдер фестивалі талантты жастарға кәсіби қолдау жасайды. Осы кинотуындылар арқылы қазіргі мәдени, рухани және ең бастысы ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп, әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударылуда. Осы орайда біз де түркі дүниесінің дамуына өз үлесімізді қосу мақсатында болашақта ҚазҰУ базасында үлкен медиа-орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Медиа орталық тек телевидения саласында емес, сонымен қатар мәдениетіміз бен тарихымызға және де білім мен ғылымға байланысты ғылыми-танымал қысқа және толық метражды фильмдер түсірумен айналысатын болады. Сонымен қатар  орталық барша түркі тілдес елдерді мәдени тоғыстыра отырып, ЖОО-ларының студенттері тәжірибе алмасатын маңызды орынға айналады деп сенеміз»,- деді Ғалым Мұтанов. Сонымен қатар ректор алдағы уақытта кең көлемде аталып өткелі отырған Әл-Фарабидің 1150 жылдығына байланысты бірнеше  жобалар қолға алынғандығын айтты. Солардың бірі  «Ұстаздың оралуы» атты деректі фильм екендігін атап өтті.

Өз кезегінде Түркі дүниесі Журналистер федерациясының президенті университет басшылығына ерекше қабылдауы үшін өз алғысын айта  отырып, кинофестивальдің маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. «Осы жылы кинофестиваль байқауына түркі тілдес елдерден 140-қа жуық кинотуындылар қатысты. Олар кәсіби және студенттік екі бағытта қарастырылды. Ал фильмдерді саралау үшін  ҚазҰУ-дан, Баку университетінен, Ыстанбұл университеті мен Македония елінің жоғары оқу орындарынан арнайы қазылық қызметін атқарған топ шақырылды. Қазіргі күні байқауда іріктелініп алынған ең үздік кинотуындыларды алып, үлкен іс-сапарға шығып отырмыз. Биылғы жылдың ерекше кинотуындысы ол сегіз мемлекеттің аналарының тағдырын, өмірін бейнелейтін "Түркі анасы" фильмі»,-деді Мендерес Демир.

Сонымен қатар Мендерес Демир мырза ҚазҰУ аумағын аралау барысында университеттің мүмкіншіліктеріне тәнті болып, әсіресе Әл-Фараби кітапханасының студенттер үшін өте ыңғайлы әрі сапалы жұмыс жасайтындығына ерекше риза болғандығын жеткізді.

Айта кету керек, 19 қазанда Түркі әлемінің журналистер федерациясы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен  III Халықаралық Түркі дүниесі деректі фильмдер фестивалінің қазақстандық бағдарламасы болады. Кинофестиваль сегіз қатысушы елдің жетекші серіктес университеттерінде өткізіледі. Аталмыш шарада Түркия, Қазақстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Кипр, Өзбекстан және Ресейдің (Башқұртстан және Татарстан) үздік шығармалары таныстырылатын болады.

Басылым күні :  05.02.2019