Жадымызда сақталған жарқын бейне

02.03.2021 ж. Филология және әлем тілдері факультеті қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен «Жадымызда сақталған жарқын бейне» атты аяулы ана, ардақты ұстаз Мамаева Макен Қасымбайқызын еске алу өтті.

Ұзақ жылдар бойы аталған кафедрада еңбек еткен Мәкен Қасымбайқызы шәкірттері үшін ұлағаты мол ұстаз, тілші-ғалым, синтаксис саласының майталман маманы еді. Білгенімен бөлісуден ерінбейтін еңбекқор ұстазымыз алдына келген әрбір шәкіртін таланты мен талабына бірдей қарап бағалайтын. Хакім Абай айтатын «талап, еңбек, терең ой» Мәкен Қасымбайқызы үшін шәкірт деңгейін бағамдаудағы басты ұстаным болатын.

Оған туралық тән еді. Бірақ, біз білетін Мәкен апайдың туралығы білімқұмар шәкірт жүрегінің бұлағын буып тастар тікбақайлық емес болатын. Салмақты ойды астарлы әзілмен астастырып әкеліп, өз ұятың өзіңді қысатындай қылатын. Дегенмен, сондай сәттің бәрінде де сұсынан гөрі мейірі басымырақ болып, жанашыр пейілі менмұндалап тұратын. Ол, шын мәнінде, әрбір қазақ баласының өз ойын еркін жеткізе алатын, өз ұстанымдары мен қағидаларын қорғай алатын, бәсекеге қабілетті азамат болуын іштей қалайтын.

Онлайн форматта өткен еске алуға Макен Қасымбайқызының отбасы мүшелері, әріптестері, шәкірттері, ғылымдағы жолдастары қатысты.

Басылым күні :  03.03.2021