Ізгілік қалсын, әр ізде

Ұлы қазақтың Ұлы зиялы тұлғасы, тарихқа да қазақ тіл әдебиетіне де мол үлесін қосқан Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 148 жыл толуына орай өткізілген іс шарамыз, студенттер үшін керемет әсер қалдырғандай болды. 8 желтоқсан күні Алматы қаласында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлының мұражай - үйіне 1 курс заң факультетінің орыс бөлімі студенттерімен «Қайырымдылық жасасаң, Қайырын өзің көресің» демекші қайырымдылық ісімізді құран бағыштау арқылы өткіздік. Алдымен студенттерге Алаштың арасы, жазушы атамыздың бізге қалдырған мұрасымен танысып, өзара білімдерімен бөлісті, пікір алмасты. Мұндай іс шаралардың өтілуі ұлт ұстазының мұражай-үйі жанындағы "Тіл - құрал" ОӘҒЗ орталығымен бірлесіп өткізілгені әрбіріміз үшін игі істердің бірі және өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз, жастарымызға да үлгі болды деген пікірге келемін.

Заң факультетінің студенттері Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығымен тереңірек танысып, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Тағдыр-талайы күрделі ұлт жанашырының өмірінің соңғы күндеріндегі фото-шежірелермен танысып, ауыр күндерде сағы сынбаған Ұлт көсеміне таңғалыстарын жасырмай, өзара бөлісіп жатты. Жүздерінен құрмет пен мақтаныш сезімдерін байқау қиын емес еді.  

Мұндай ізгі істің басы-қасында жүру және ұрпаққа тағзым жасауды әрбір жүрегі қазағым деп соққан азаматтың міндеті деп санаймын. Өзімнің студенттеріме де дұрыс бағыт-бағдар көрсете келе: «Жолдарың ашық болсын десеңдер, баба рухына тағзым етіп, мұрасын дәріптеп, қайда болса да қайырымдылық жасай жүруді әдетке айналдырыңдар. Тапқанын білім жолына жұмсап, ар сақтап, адал жүріп, елдігіміздің қабырғасын қалаған бабалар аманатын бүгінмен байланыстырып, болашақ ұрпақ үшін іргесі бүтін шатыр болу – бізге міндет», – деп қорытындылаймын.

Ұйымдастырушылар: Филология факультеті оқытушылары, ф.ғ.к., доцент А.Т.Аширова, Райхан Имаханбет

 

Басылым күні :  09.01.2021