ХІІ Республикалық дінтану және теология пән олимпиадасындаҚазҰУ студенттері үздік атанды

Үстіміздегі жылдың 19 қарашасында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттері арасындағы 2019-2020 оқу жылының ХІІ Республикалық дінтану және теология пән олимпиадасы «Zoom»платформасы арқылы онлайн форматта өтті. Аталған додаға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дінтану мамандығында оқитын студенттерінен (Ә.Бердібек, Ә.Оралқұл, М.Үйсіпхан) құралған UNIVERSITY 4.0. командасы қатысты. ҚазҰУ студенттерінен құралған қатысушы топқа дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Е.Әскенұлы жетекшілік етті.

Сонымен қатар, аталған жарысқа Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің командалары қатысты.

Республикалық олимпиаданың 1 кезеңінде «Топтық жоба» тапсырмасы ретінде берілген «Қазіргі Қазақстан Республикасындағы діни толеранттылық мәселесіндегі мемлекеттік саясатының бағыты: (мәселелері және шешімдері)» тақырыбы аясында ҚазҰУ студенттері «Қазақстан жастарының арасындағы діни толеранттылық деңгейі» мәселесін өз зерттеулеріне арқау етіп, жобаларын нақты деректермен, ұсыныстармен түйіндеді. ҚазҰУ студенттері ғылыми жобаларының заман талабына сай өзекті болуымен қарсыластарынан ерекшелене білді. Жарыстың «Сен де бір кірпіш дүниеге...» деп аталатын теориялық білімді тексеруге арналған жекелей сынақ кезеңінде ҚазҰУ студенттері алдына жан салмай оза шауып, Ә.Оралқұл І орынды, ал М.Үйсіпхан мен Ә.Бердібек ІІІ орынды иемденді. Сайыстың ІІІ кезеңі Абай Құнанбайұлының қара сөздерін білу деңгейін саралауға арналған «Қара сөз – қазағымның қазынасы» деген тақырыпқа арналып, студенттер хакім Абайдың даналық ойлары жөніндегі ой-түсініктерін жеткізді. Жарыс соңында республикалық дінтану және теология пән олимпиадасының қазылар алқасының төрағасы Д.Кенжетай сөз алып, 2020 жылғы республикалық олимпиадада ҚазҰУ студенттері үздік көрсеткіштерге қол жеткізуіне байланысты 2021 жылғы студенттік олимпиада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтетінін хабарлады. ҚазҰУ студенттері үшін бұл сайыстың ғылыми және танымдық тұрғыдағы маңызы өте зор болды.

Басылым күні :  11.01.2021