«Абай шығармашылығындағы мәдени және ислами құндылықтар» атты ұлттық вебинар

«Абай шығармашылығындағы мәдени және ислами құндылықтар» атты ұлттық вебинар

 2020 жылдың 17 сәуір күні Дінтану және мәдениеттану кафедрасында «100 кітап» жобасы аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында ұлттық вебинар өтті. Өзге университеттер студенттерімен «Абай шығармашылығындағы мәдени және ислами құндылықтар» тақырыбында Ұлы ақынның шығармашылығы, оның ішінде әсіресе қазақ әдебиетінде өшпес орын қалдырған, өнеге мен өсиетке толы философиялық туынды – «Қара сөздері» талқыланды.

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы, «Исламтану» мамандығының 1-курс магистранты Б. Байгазиева қонақтарға Абай Құнанбайұлының қара сөздеріндегі рухани-мәдени ойлар төңірегінде кіріспе шолу жасалды.

Келесі сөз кезегін алған магистрант Д. Сақан «Абай қара сөздеріндегі дін және сенім туралы ой» тақырыбында баяндама оқыды. Біріншіден, Абайдың «Отыз сегізінші қара сөзіне» тоқталып: «Құдай тағаланың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. ...Алла тағаланың пендесін махаббат уә мархаматпенен жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпен елжіремекті Құдайға ғашық болды дейміз. Олай болғанда хикмет құдайға, пенде өз ақылы жетерлік шамасында білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім деп ат қойған» десе, бұл өзі сезінген, көзі жеткен ақиқат пайым екені сөзсіз.
Абайдың Құдайға ғашықтығының куәсі әрі барлық діни көзқарастары тоғысқан басты мұра болып табылады. Мәшһүр Жүсіп: «Әсілі, қазақ тілі – жұмбақ: не айтса, бәрінің шешуі бар; шешуін білуге тырысу керек», - деді Д. Сақан.

Келесі баяндамашы Нұр-Мүбарак Египет ислам университетінің исламтану мамандығының студенті Ж. Ақбергенова Абай Құнанбайұлының қара сөздерінде діни ғибратты ойларға, әсіресе, сенім мен әдепке қатысты аят пен хадистерді қазақи мәнерде түсіндіретінін атап өтті.
Оның ішінде «Он үшінші қара сөзінде» иманға берілген сипаттаманың мәнін түсіндірді: «Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек», - деп жазады ғұлама.
Абай иманға тек пайдакүнемдік мақсатпен немесе елге жақсы көріну ниетімен келуді құптамайды. Ол адам өмірінің мәні сеніммен тікелей байланысты екенін алға тартады. Адамның барлық қайғы мен тауқымет, азаптарын сол иман мен оның жалғандығымен түсіндіреді.
Қазіргі таңда дін атын жамылған жат ағымдар жұртшылықты алаңдатып отырғандығына пікір айтты. Абайдың дiндiк нанымы мен танымы тек Абай сынды ұлы ойшылға ғана тән, Абай сынды ақынға тән, Абай сынды философқа тән» - деп, Ж. Ақбергенова баяндамасын қорытты.

Вебинарды Нұр-Мүбарак Египет ислам университетінің исламтану мамандығының студенті А. Иса жалғастырды. Ол дін мен иманның шын негіздері - ғылым, махаббат, әділет екенін және бұлар Жаратушы Иеміздің ісі, он сегіз мың ғаламды меңгеретін басты заңдары болып табылатынын, Қоғам дамуы үшін осы үшкілді бірдей ұстау маңызды екенін, яғни бірінсіз бірі кемел, толық бола алмайтынын түсіндірді. «Абай, Шәкәрім күллі адамзатқа жол сілтеген рухани көсемдер. Жастардың құлағына алтын сырға, олардай данасы бар халыққа ұстазды сырттан іздеу жараспасы анық.
Абайдың діни көзқарастары туралы мақаланы ғұлама М.Әуезов айтқан «Абайдың діні – сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні» деген пайыммен сабақтағымыз келеді. Дін феноменін Абайша түсіну және қабылдау - уақыт талабы деген пікірдеміз. Сонда ғана тура жолды адаспай таба аламыз» - деп А. Иса қорытындылады.

Келесі сөз кезегін «Мәдениеттану» мамандығының 1-курс магистранттары А. Батжанова мен И. Шәри алып, ұлы ақын шығармашылығын мәдени жағынан қарастырды. А. Батжанова Абайдың терең философиялық мағынаға толы «Қара сөздерінде» көтерілген негізгі тақырыптардың бірі – сол заманда тұтастай өзгеріске ұшыраған қазақ халқының менталитеті, қоғамы, және ойлау санасы екенін және ұлы ақынның өз халқын жек көргеннен емес, жаны ашығаннан кейбір қылықтарын сынға алғанын айтып, екінші, үшінші, бесінші қара сөздерін мысал ретінде келтіріп өтті. Ал И. Шәри Абайдың тәрбиелік сипаттағы мазмұнына түрі сай, ең бір күрделі де көркем өлеңдерінің бірі – «Сегіз аяқ» туындысы жайында сөз қозғап, Абай өзі өмір сүрген дәуірдің дерті болған әлеуметтік мәселелерді кеңінен толғағанын, сол қоғамның, сол ортаның індетіне айналған жат қылық, жаман мінез, құлықсыздық, жалқаулық, арызқойлық сияқты халыққа пайдасы жоқ әрекеттерді қатты сынай келіп, адал еңбекпен мал табуға, ар-ұятты ойлап бірлік етуге, достық-бауырлық қарым-қатынаста болуға үндейтінін түсіндіріп өтті. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» - деп Абай елді бірлікке, ауызбіршілікке, ын­ты­маққа шақырады. Ұлы ақын осынау өсиетке толы сөздерінде қазақтардың дүниетанымын сынға алып, көзі ашық, мәдениетті, көпті көрген, әрі сауатты адам ретінде жақсы жаққа қарай өзгеру туралы идеясын алға қояды» - деп мәдениеттанушы магистранттар өз баяндамасын қорытты.

Сонымен қатар вебинарда «Исламтану» мамандығының 1-курс магистранттары И. Наурзалиев пен М. Мұхамеди «Абай қара сөздеріндегі ахлақ» тақырыбында баяндама жасаса, «Ислам философиясы» мамандығының 1-курс магистранты Р. Алтынбаева «Абай философиясы» атты баяндама оқыды. Вебинар соңында ой-пікірлер қорытылып, елімізде Рухани жаңғыру бағдарламасының төңірегінде қолға алынған Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған игі шараның барша қатысушыларына алғыс білдірілді.

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы,

“Исламтану” мамандығының

1-курс магистранты Байғазиева Бақытгүл

 

Басылым күні :  20.04.2020