«Мемориалдық музыкалық аспаптар: ғылыми-зерттеу, жинау және насихаттау» атты халықаралық конференциясы

4 ақпан күні Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Мемориалдық музыкалық аспаптар: ғылыми-зерттеу, жинау және насихаттау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияда мемориалдық музыкалық аспаптарды жинау, ғылыми-зерттеу және насихаттау мәселелері, сонымен қатар, қазақ өнерінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерттеу және олар тұтынған мемориалдық аспаптардың музейлерге түсу жолы мен тарихының ашылуына ерекше мән берілді.

Конференцияға Қазақстанның өңірлік, облыстық музейлерінен, этнографиялық орталықтардан, ЖОО-нан қызметкер-мамандар, өнертанушы, музыкатанушы, мәдениеттанушылар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдениеттану мамандығының 2-курс докторанты Құдайбергенов Серғазы да қатысты. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақалалар жинағы құрастырылып «Мемориалдық музыкалық аспаптар: ғылыми-зерттеу, жинау және насихаттау» атты жинақ кітабы басылып шықты. Жинақта өнер тұлғалары, аспаптанушы зерттеушілер, отандық музей мамандары мен қоса Ресей, Тыва, Саха, Өзбекстан елдерінің зерттеуші-ғалымдарының ғылыми еңбектері қамтылған.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты өнертану, музыкатану, аспаптану саласының төңірегінде жүрген зерттеуші-ғалымдар мен қолы алтын шеберлердің басын қосып, оларды музей ісінде, музей мамандарымен бірлесіп зерттеулер жүргізуге жұмылдыру. Еліміздегі әр өңірлік музейлердің қорында сақтаулы құнды музыкалық мұраларымыздың тарихын ашуға, аспапты-археологиялық музыка, олардың аймақтық ерекшеліктері, жалпы аспаптану және тұлғатану мәселесінде кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алуға үндеу. Сонымен қатар, музыка аспаптарын қайта жаңғырту, олардың насихатын жүргізу мен музей саласында зерттеуші мамандардың қалыптасуына жол ашу болып табылады.


Басылым күні :  25.02.2019