Ашық есік күні өтті
Университет кітапханасында 24-ақпан күні мектеп оқушыларына болашақ мамандықтар туралы мағлұмат беру, қоғам сұранысындағы мамандықтардың ерекшелігі және артықшылықтарымен таныстыру, кәсіби тұрғыда мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру мақсатында мектеп бітірушілеріне арналған «Ашық есік күні» іс-шарасы өтті.
«Ашық есік күні» іс шарасы бағдарламасының басты бағыттарында: университетпен танысу айдары; «әл-Фараби және қазіргі заман» интеллектуалды викторина, «Болашақ мамандықтың түрін анықтау» тесті (QR код арқылы), университет базасымен таныстыру экскурсиясы, жазушы-этнограф және қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен кездесу.
Іс-шараның мазмұнды бөлігін аша түскен факультет белсенді студенттерінің арнайы дайындаған «Менің мамандығым-мақтанышым» тақырыбындағы экспрессивті жарнама үлгісіндегі қойылымдары, «Болашақ мамандықтың түрін анықтау» тесті, «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасына қол жеткізу формуласының мотивациялық үндеуі, танымал киносыншы О.Борецкийдің жүргізетін киноклуб қызметі және оның факультет студенттерімен сабақтастығы жайындағы қысқаша сұхбаты, әл-Фарабидің тағылымды өміріне және еңбектеріне қатысты викториналық сұрақтар айдары, факультетімізде білім алып жатқан шетел студенттерінің өнері.
Іс-шара аясында этнограф және қоғам қайраткері Зейнеп Ахметованың арнайы студент-жастар және оқушылармен кездесуі өтті.
Іс-шара басында мектеп оқушыларына арналған көрме ұйымдастырылды. Факультет құрамындағы мамандықтар туралы иллюстративті материалдар қойылып, «Мамандықтар тынысы» бейнероликтер трансляциясы жүргізілді. Көрмеге факультет ғалымдарының үздік ғылыми еңбектері, студенттердің жетістіктер каталогы, «Шет елдермен ынтымақтастық» бұрышы сынды қызықты әрі мазмұнды материалдары ұсынылды. Сонымен қатар, көрме барысында Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен «Рухорда» діни-мәдени музейінің экспонаттары (кафедра докторанттарының қол-өнер бұйымдары негізінде), «Көне құнды жәдігерлер» экспонаттары, оқу-тәжірибелік энциклопедия бұрышы (кафедра ғалымдары мен студенттерінің шығарған журналдары мен энциклопедиялары), әлем халықтары мәдениетін бейнелейтін ұлттық бұйымдар көрмесі тамашалауға ұсынылды.
Көрме барысында қыштан бұйым жасау өнері және ағаш өңдеу шеберлігі бойынша шеберлік-сыныбы көрсетіліп, оқушыларды тәнті етті.
«Ашық есік күні» іс-шарасының соңында философия және саясаттану факультеті деканының ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары А.Б. Альчимбаева келген қонақтарға, ұйымдастырушы кафедралар мен белсенді студенттерге, аталған іс-шараға арнайы келуге ықылас білдірген Зейнеп Ахметова апайға алғыс білдірді және «әл-Фараби және қазіргі заман» интеллектуалды викториналық ойынға қатысқан жеңімпаздарды құттықтап, алғыс хат табыстады.







