Шапағаты мол мәуліт мерекесі

25.01.2015

Көрулер: 3634

2015 жылы 23 қаңтар күні арабтану және ирантану кафедрасының және Мысыр Араб Республикасы Елшілігі жанындағы Мысыр Мәдени орталығының ұйымдастыруымен университеттің «Айналаңды нұрландыр!» инновациялық-әлеуметтік жобасы аясында шығыстану факультетінде «Шапағаты мол мәуліт мерекесі» атты іс-шара өтті.

Игілігі мол бұл шара арабтану және ирантану кафедрасының меңгерушісі Мұхит Салқынбаевтың және Мысыр Мәдени орталығының директоры Хамдан Ибраһим мырзаның құттықтау сөздерімен басталды.

Бірнеше ғасырлардан бері тойланып келе жатқан бұл мерекенің басты мақсаты – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру боп табылады.

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, PhD докторы Али Али Шағбан, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ профессоры, PhD докторы Ахмад Саид, Нұр-мүбәрак Мысыр Ислам мәдениеті университетінің профессоры Мадих Абдулла, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ профессоры, филол.ғ.к. Мухитдинов Рашид, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті арабтану және ирантану кафедрасының доценттері, филол.ғ.к. Қыдыр Төрәлі мен PhD докторы Палтөре Ықтияр мерекеге келген жамағат үшін баяндамалар оқыды.

Дөңгелек үстел форматында өткен іс-шара барысында пайғамбардың дүниеге келуі және оның адамзатқа тигізген әсері, пайғамбарымыздың көркем мінездері, мәуліт мерекесін тойлаудың тәрбиелік мәні, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың қоғам қайраткері ретіндегі рөлі, қазақ әдебиетінде Мұхаммед (с.а.у.) пайғабар өмірі мен өнегесіне қатысты туған әдеби жанрлар, қазақ зиялыларының Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар туралы ой-пікірлері туралы сөз қозғалды.

Осылайша шығыстану факультетінде өткен шапағы мол мәуліт мерекесі талай жүрекке иман, көңілге шаттық, рухани азық сыйлады.