«Елші сағаты»

17.10.2014

Көрулер: 3465

Шығыстану факультетінде арабтану және ирантану кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмас Шәмшиденұлы Әбдірамановтың қатысуымен «Елші сағаты» өтті. Кездесуде арабтану және ирантану кафедрасының араб бөлімінің студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамы Елшінің «Қазақстан мен араб елдері арасындағы саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық, білім беру және мәдениет саласындағы ынтымақтастығы» тақырыбындағы дәрісін тыңдады.

Әбдіраманов мырза өз сөзінде Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы арабтық бағыты және араб елдерінің сыртқы саясаты, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты сыртқы саясатындағы бағыттары жайлы сөз қозғап, Қазақстан мен араб елдері қарым-қатынасын саралап, болашақта да ары қарай қарқынды дамитынына сенім білдірді. Тәуелсіздігін алған Қазақстан менараб елдерінің тез арада дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ұмтылуын тарихи заңдылық дей келе, діні бір халықтардың аймақтық дәрежеде жақындасуы ешкімнің алаңдауын туғызбайтын заңды құбылыс деп бағалады. Сонымен қатар Елші мырза араб елдерімен білім беру, мәдениет, сауда, т.б. салалардағы қатынастардың күннен-күнге дамып, өркен жаюы шынайы достық және бауырластықбайланыстардың дамуына негіз болатындығын тілге тиек етті.

Студенттер Елшінің дәрісін мұқият тыңдап, қызықтырған сауалдарына жауап алды. Сұрақтардың біразы күрделі тақырыптарды қамтыды, мәселен, Таяу Шығыс аймағындағы қауіпсіздік мәселесі студенттерді алаңдатып жүргендігі байқалды.

Елшінің мәлімдеуінше, араб елдерінің тарихы мен саясатын, мәдениеті мен әдебиетін, тілі мен ділін жақсы білетін мамандар ғана Қазақстан мен араб елдері, соның ішінде Кувейт Мемлекеті арасындағы білім беру және ғылыми саладағы қарым-қатынастардың нығаюына себепкер болады.

Ендігі кезекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Кувейттегі жоғары оқу орындары арасында қосдипломды және академиялық ұтқырлық бағдарламалары, ғылыми-зерттеу тағылымдамалары, оқу-әдістемелік тәжірибе алмасу, ғылыми және оқу-әдістемелік семинарлар өткізуді қарастыратын ынтымақтастық туралы Келісімдер даярлау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілу жоспарланып отыр.