Қытайтану кафедрасы шығыстанушы мамандарды дайындауда модульді оқытудағы құзыреттілік бағытқа арналған дөңгелек үстел өткізді

16.10.2012

Көрулер: 3665

2012 жылдың 16 қазанында жұмыс нарығында қажетті және бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауды жақсарту мақсатында шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасы жұмыс берушілермен бірігіп дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Барлық жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, жауапты қызметкерлері және студенттері болашақ жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен кездесуге және жоғарыда айтылған мәселені дөңгелек үстел басында талқылауға, өз ойларын ортаға салуға шақырылды.

Осы іс-шараға ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы Б.Н.Жұбатова, ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыс бойынша деканның орынбасары Ұ.Т. Алжанбаева, қытайтану кафедрасының меңгерушісі З.С.Батпенова, ҚазҰУ жанынан құрылған Карьера және бизнес орталығының директоры Л.Т.Карипбаева, Конфуций институтының директоры Р.Ө. Асылбеков, Алматы қаласындағы ҚХР бас консульдығының мәдениет және оқу-ағарту саласы бойынша вице-консулы Гао Чэн, Қазақстандағы Қытай банкі басқармасының персоналмен жұмыс жасайтын бас менеджері З.С.Бастаубаева, Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен жауапты қызметкерлері және көптеген студенттер қатысты.

Отырысты ашқан факультет деканы Б.Н.Жұбатова бүгінгі отырысқа қатысуға ниет білдіріп, арнайы келіп отырған барлық мекемелердің өкілдеріне алғыс айта отырып, соңғы кезде университеттің, факультеттің академиялық саясатында болып жатқан оң өзгерістерге тоқталып өтті. Келесі кезекте сөз алған қытайтану кафедрасының меңгерушісі З.С.Батпенова көрнекі құрал ретінде техникалық жабдықтарды пайдалана отырып модульдік оқыту және компетенттік әдіс мәселесін кеңінен ашықтап, түсіндірген өте тұшымды баяндама жасады. Баяндамадан кейін сөз алған Алматы қаласындағы ҚХР бас консульдығының мәдениет және оқу-ағарту саласы бойынша вице-консулы Гао Чэн мырза ҚазҰУ-нің әлеуметтік серіктесі және жұмыс беруші мекеме ретінде біраздан бері осы факультеттің түлектерімен істес болып жүргенін алға тарта отырып, түлектердің жұмыс барысындағы қарым-қабілеті мен кемшіліктеріне тоқталып өтті. Гао Чэн мырза екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас мәселесін барынша жетік меңгерген аудармашы-мамандардың Қазақстанда әлі де болса тапшы екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел басындағы кездесу барысында пікір алмасу жүріп, бәскеге қабілетті мамандарды дайындаудағы құзыреттілік бағыт мәселесі талқыланды. Жиын соңында қорытынды сөз алған факультет деканы Б.Н. Жұбатова өз ойларын ортаға салған, құнды пікірлер айтқан барлық қатысушыларға тағы да бір рет алғысын білдіре келіп, мұндай жиындардың университетіміздің, факультетіміздің жұмысында өте үлкен көмегі барын және де болашақта осы бағыттағы түрлі іс-шаралардың көбейе беретінін атап өтті.