Ирантанушылар кездесуі өтті

24.01.2024

Көрулер: 217

23 қаңтарда Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығына қазақстандық ирантанушылармен кездесу өтті. Шараға қатысқан ирантанушылар әртүрлі саланың өкілдері, атап айтқанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университет, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті оқытушылары, Ғылым ордасы ғалымдары, Ұлттық кітапхана сирек кітаптар қорының қызметкерлері, «Фарс ньюс» агенттігі журналистері, әртүрлі компаниялар өкілдері болды. Кездесу барысында Бас консул М. Фағани және Бас консулдық жанындағы Мәдени өкілдіктің басшысы Х. Ағазаде мырзалармен Қазақстанда парсы тілін оқытуды жақсарту жолдары талқыланды. М. Фағани мырза 2 жыл бұрын болған кездесуден кейін Алматы қаласында Ирани Мәдени Өкілдігін қайтадан ашуға қол жеткізілгенін және парсы тілін оқытуға қолдау мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Ираннан доктор Ф. Шакибаның шақырылғанын айтты. Ирантанушылар тарапынан Қазақстандық ирантанушылар ассоциациясын құру, парсы тілін колледждерде оқыту, парсы тілі оқытушыларына қолдау көрсету, ирандық сериал, киноларды қазақ тіліне аудару, қазіргі парсы прозасын аудару және т.б. ұсыныстар жасалды.