Болашаққа серпінді бағыт берген мақала

03.01.2024

Көрулер: 168

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі мақаласы ұлттың руханиятына серпін беріп, оның болашақтағы іс-қимылын нақтылады деп айтуға болады. Ең алдымен мұны біз мақаланың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген тақырыбынан көреміз. Сонымен қатар Президент Ұлттық құрылтайдың идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын және бағыт-бағдарды анықтауға ықпал ететін тиімді пікірталас орнына айналғанына арнайы тоқталды. Осыйлайша Мемлекет басшысы біздің негізгі бағытымыз ұлттық құндылықтарды нығайту және халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін сақтау екенін ескертті деп ойлаймын.

Еліміздің ішкі ахуалымен қатар сыртқы саясаттағы беделі де өте маңызды екені белгілі. Президент кәсбіи дипломат ретінде алдағы жылы да бұл мәселеге жіті мән беріп, үлкен саясат жүргізетінін мәлімдеді. Мақалада Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық ететіні айтылды. Биылғы мау­сым айында Астана халықаралық форумы өтетініне тоқталды. Алқалы жиынға әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысуы күтіледі. Бұл халықаралық және аймақтық аренадағы еліміздің абыройы мен маңызын арттыра түседі. Сыртық елдермен және халықаралық компаниялармен сауда-экономикалық қатынастар дамиды. Елге біршама инвестиция тартылады деген сөз. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға және елімізді өркендетуге көмектеседі деп сенеміз.

Президент халқымыздың рухын жігерлендіруге, ынтымақты арттыруға және мемлекетілігімізді нығайтуға қатысты тарихтың рөліне назар аудартып отыр. Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізе­тінін айтып өтті. Биылғы жылы әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев­тың 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейлі кезеңдеріне, сонымен қатар Жошы ұлысы­ның іргесі қаланғанына – 800 жыл толуына орай ауқымды зерттеу­лер жүргізілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ биыл өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмыл­дырылып жасалып жатқан Қазақстан тари­хының көптом­дығын әзірлеу жұмыс­тарын да аяқ­таймыз деді. Бұл еліміздің ертеңі мен болашақ ұрпақтың руханиятына ерекше мән беріп отырған басшының сөзі мен ісі деп ойлаймыз.

Жоғарыдағы біздің пайымымызды мақаланың соңындағы Мемлекет басшысының «Мен қазақ елінің жастарына сенемін» деген сөзі қуаттай түседі. Жастарға мүмкіндік беру әрі қолайлы жағдайды қалыптастыру үшін ат­қару­шы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралардың қабылданғаны белгілі. Соның дәлелі ретінде Президенттік жастар кадр резервін айтуға болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып қаншама кәсіби жас маман­дар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға да барып жатыр. Биліктің жоғарғы сатысының біршама жасарып қалғанын көріп отырмыз. Халқымыз «жас келсе іске...» дегендей, бұл құбылыс ел мен мемлекет ісінің алға басуына өз үлесін қосады деп сенеміз.

 

Еркінбек Шоқай

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті, Шығыстану факультеті,

«Арабтану» орталығының директоры