Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының профессорларының қатысуымен ғылыми семинар өтті

08.12.2023

Көрулер: 331

2023 жылдың 7 желтоқсанында шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасы синхронды аударма мәселесі бойынша ғылыми семинар өткізді. Семинарға отандық және шетел жоғары оқу орындарының профессорлары, отандық және шетел компанияларының жетекші аудармашылары, қаланың әртүрлі жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары қатысты. Семинарға арнайы шақырылған қонақ ретінде Шыңжаң университетінің профессоры Шао Пэнбо мырза қатысты. Ғылыми семинарды қытайтану кафедрасының профессоры Фатимабибі Ноғайқызы Дәулет кафедраның докторанттары мен магистранттарына оқитын "Аударманы оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемесі", "Заманауи аударма тұжырымдамалары" және "Сөйлеу этикеті және шығыс тіліндегі келіссөздер практикасы" пәндері аясында ұйымдастырды. Аталмыш ғылыми семинардың мақсаты - аудармашы мамандармен және аударма ісі мамандығы бойынша оқып жатқан докторант, магистранттармен білім және тәжірибе алмасу. Семинардың негізгі бөлімінде баяндама жасаған профессор Дәулет Ф.Н. және 1 курс магистранты Ваң Үйтиң ауызша аударманы жүзеге асыру кезінде кездесетін қателіктер туралы айтып, сонымен бірге, бұндай кемшіліктерді болдырмау тәсілдерін көрсетті. Семинарды 1 курс магистранты Бақнар Дәңкей ілеспе аударма жасау арқылы аударды. Аударма жасау барысында кенеттен тоқтап қалу, түпнұсқа мәтінді керісінше аудару, таңдап аудару және толық аудармау тәржіма жасау барысында жиі кездесетін олқылықтар. Бұл секілді қателіктер аудармашының кәсіби шеберлігінің жеткіліксіздігінен туындайды. Толыққанды, дұрыс аударма жасау үшін аудармашы маман өз сөздік қорын түрлі тақырыптағы термин сөздермен, фразеологиялық тіркестермен байытып отыру керек және түрлі тақырыптағы мәтіндерді күнделікті аударып отыруға дағдылану қажет. Семинарда қаланың түрлі жоғары оқу орындарынан келген мұғалімдер жарыссөзге шығып, өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Мәселен, семинар қонағы, Шыңжаң университетінің профессоры Шао Чэньбо мырза конференц-аударма кезінде жиі кездесетін қателіктердің бірі – аудармашының түпнұсқа мәтінді екінші тілге сөзбе-сөз аударуға тырысуы деп көрсетті. Шао профессордың айтуынша, адам жасаған аударманың автоматты аудармадан өзгешелігі – автоматты аудармада сөздер ғана аударылады, ал адам – мағынаны аударады. Семинардың басқа қонақтары ауызекі аударма барысында жиі кететін қателіктерге шет тілдерден кірген термин сөздермен таныс болмау, үндес кірме сөздердің қате аударылуы, зат есімдердің жалқы есімдермен шатасып аударылуы, фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдердің аударылмай кетуін атап айтты. Семинарға қатысушылар жақсы аударма жасау үшін үнемі тәжірибе жинақтап отыру керектігін бірауыздан мойындады және тәжірибе жинақтау үшін бүгін өткізіліп жатқан семинар-практикумның маңыздылығын ерекше атап көрсетті.