Шығыстану факультетінде Пәкістан Ислам Республикасының Елшілігінің Өкілдері мен Пәкістан елінен келген жоғары деңгейдегі әскери делегациямен брифинг-кездесу өтті.

02.11.2021

Көрулер: 1475

   29 қазан 2021 жылы Шығыстану факультетіне Пәкістан Ислам Республикасы Елшілігінің Өкілдері мен Пәкістан елінен келген жоғары деңгейдегі әскери делегациясы келді. Факультет деканы Ы. Палтөре Пәкістаннан арнайы келген делегация мүшелерін шығыстану факультетінде ашылған «Мухаммад Али Джинна» орталығының тыныс тіршілігімен таныстырды. Арнайы келген қонақтарға Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы, үндітану бөлімінің оқытушылары мен студенттері ұйымдастырған шағын бағдарлама тарту етілді. Делегацияны бастап келген Пәкістан бірлескен штабының сыртқы әскери ынтымақтастық жөніндегі бас директоры, генерал-майор Маджид Джахангир сөз алып, үнді бөлімінің урду тілі бойынша білім алып жатқан студенттердің тіл білу деңгейлерінің жоғары екендіктерін бағалай отырып, дайындаған шағын бағдарламаға ризашылығын білдірді.

   Үндітану бөлімінің 4 курс студенттері бағдарламаны екі елдің әнұрандарын орындаумен бастап, урду тілінде «Азаттықтың таңы (Azadi ki subh)» өлең жолдарын оқып, «Ұлы дастан Adjib dastan» әнін шырқады. Сонымен қатар «Пәкістан Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық қатынастар» және Пәкістан Ислам Республикасына тілдік тағлымдамадан өту үшін Заманауи тілдер ұлттық университетіне (NUML) арнайы біліктілікті арттыру курсына барып келген студенттер іс сапары жайында баяндамаларын жасады.

   Брифинг-кездесу соңында Пәкістан Ислам Республикасы Елшілігінің Өкілдері мен Пәкістан елінен келген жоғары деңгейдегі әскери делегациясымен шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы, үндітану бөлімінің оқытушы құрамы мен студенттері естелік суретке түсті.

 Дариға Молдағалиқызы, 

 Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының

меңгерушісі, филос.ғ.к., профессор м.а.