Факультет ғалымы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ерен еңбегі үшін» күміс медалімен марапатталды

12.04.2021

Көрулер: 2180

Алдабек Нұржамал Әбдіразаққызы – тарих ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстандық қытайтану ғылымында белгілі, өзіндік мектебі қалыптасқан ғалым. Қазіргі уақытқа дейін жиырмаға жуық ғылым кандидаттары мен PhD докторларын дайындап, отандық шығыстану ғылымына өз үлесін қосып келеді. Ғылыммен айналысумен қатар, профессор Алдабек кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор, министрліктегі қызмет секілді баспалдақтардан да абыроймен өтті. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қытайтану кафедрасында қызмет етеді.
Нұржамал Әбдіразаққызы ұзақ жылдар бойғы ұстаздық қызметі мен ғылымға қосқан үлесі үшін бірқатар марапаттарға да ие болған. Атап айтар болсақ, «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарымен қатар, «Ыбырай Алтынсарин» және «Ахмет Байтұрсынов» Алтын медальдарының иегері.
Биылғы жылы «12 сәуір-Ғалымдар күні» мерекесіне орай, профессор Н.Ә. Алдабек «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ерен еңбегі үшін» күміс медалімен марапатталды. Нұржамал Әбдіразаққызын осы марапатымен барша әріптестері, шәкірттері атынан шын жүректен құттықтаймыз!