Пәкістан Ислам Республикасының мемлекет хатшысы доктор Надим Шафик Малик мырзамен кездесу

24.02.2020

Көрулер: 1933

          2020 жылғы 21 ақпанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультетінде Пәкістан Ислам Республикасының мемлекет хатшысы доктор Надим Шафик Малик мырзамен кездесу өтті. Кездесуге деканның ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөнінен орынбасары С.Т.Джакубаева кафедра меңгерушісі П.М.Сулейменов, З.Е.Искакова, А.Тұрар, Н.Оспан т.б оқытушылар қатысты. Мәртебелі қонақтарды Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре мырза арнайы қабылдап, Шығыстану факультетінің тыныс-тіршілігімен жақыннан таныстырды. Факультеттегі ғылыми орталықтарды, кафедраларды, «Шығыс музейін» аралап көрсетті. Сондай-ақ урду, хинди тілдеріне қарасты кабинеттерді көрумен қатар осы тілдерді үйреніп жатқан студенттермен және Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушы-профессорлары құрамымен Пәкістан Ислам Республикасының "Ұлт Көсемі" Мухаммад Али Джинна атындағы орталықта кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Пәкістанның жоғары оқу орындары, академиялық ұтқырлық саласындағы ынтымақтастық туралы мәселелер талқыланды, Пәкістан мен Қазақстан арасындағы келісім және де екі ел арасындағы келешектегі қызметтестік үрдісі жайлы көзқарасын білуге мүмкіндік алынды, құрметті қонағымыз студенттердің сұрақтарына жауап беріп, студент жастарды жан-жақты білім алуға шақырды. Факультет деканы Ықтияр Палтөре мырза өз сөз кезегінде доктор Надим Шафик Малик мырзаның келгеніне алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің оқу-мәдени тұсымен қатар саясат тұсынан да маңыздылығын атап айтты. Қазақстан мен Пәкістан арасындағы көп жылдарға созылған достық қатынастардың ары қарай да кіршіксіз жалғанатынына сенім білдірді. Кездесуге қатысқан студенттер де осы сынды кездесулердің жаңа тілді оқып білуде өте көп мотивация беретінін жеткізді. Қонақтар үшін шығыстану факультетінде Мухаммад Али Джинна атындағы орталықтың ашылғаны, студенттердің урду тілінде өлең жолдарын оқығандығы және бұл тілді өте жақсы меңгергендігі тосын сый болды. Өзі меңгеріп жатқан тілдің азаматтарымен кездесу, олармен тіл табысу, әсіресе 1 курс студенттері үшін жақсы әсер қалдырды. Бұл кездесуде Пәкістанның Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Коммерциялық консулы Мухаммад Фарук, Алматыдағы Пәкістан Ұлттық Банкінің Басқарма Төрағасы Мухаммад Рафик мырзалар да қатысып, өз тілек-ризашылықтарын білдірді.