ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ УНИВЕРСИТЕТ КӨШІМЕН БІРГЕ ЖӘНЕ НАУРЫЗ 2019

16.04.2019

Көрулер: 2526

2019 жылдың 13 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Наурыз мерекесін тойлады. Қиыр Шығыс кафедрасы Шығыстану факультетінің атынан Наурыз тойына келген құрметті қонақтарды қарсы алды. Біздің үйіміздің ерекшелігі – шығыстану факультетінде 8 шығыс тілі оқытылатындығында. Олардың арасында Қиыр Шығыс, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия елдері мен Түркия, сонымен қатар, Қазақстан жерінде тұратын басқа да этностар бар.

Университет ұйымдастырған көш қатарында елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттар достығының белгісіндей қазақ, корей, жапон, түрік, урду, парсылардың ұлттық киімдерін киген факультет оқытушылары мен студенттер деканаты жүріп өтті. Дәл осы кезде «Шығыстанушылар» шаңырағының астында еліміздегі дипломатиялық миссиялардың өкілдері, серіктес ұйымдар мен жұмыс беруші мекемелерден келген қонақтар өзара түсіністік тауып, берекелі дастархан басында бас қосты.

Ерекше қонақтар қатарында Қазақстандағы Корея Республикасының бас консулы Ким Хенг Су мырза, «Ичикава» жапон мектебінің директоры Наюки Канки мырза, «Токио Роуп Алматы» мекемесінің бас директоры Такеяма Тошио мырза, Тойота Сити директоры Аракава мырза, Митсубиши Корпорэйшн директоры Тацуя Казама мырза болды.

Сонымен қатар, Қазақстандағы Түрксой халықаралық ұйымының өкілі, ф.ғ.д. Тұрғанбаев Асқар, Қазақстандағы Түрксой халықаралық ұйымының хатшысы Санжар Мулазыноғлы, Үндістан Республикасының Екінші хатшысы Далжит Кор мен консулдың көмекшісі Ринкуджи Пандит, шетелдік профессорлар Сабри Муаз Сулейман мен Абульфутух Сабри Абульфутух Юнус «Шығыстанушылар» ауылының құрметті қонақтары ретінде төрден орын алды.

Бізге Республикалық «Корё Ильбо» корей газетінің бас редакторы Ким Константин, «Казах Ньюс» оңтүстіккорей газетінің бас редакторы Юн Чжон Кван, «Ханин Ильбо» оңтүстіккорей газетінің бас редакторы Ким Санг Ук, сонымен қатар, Qazaqstan телеарнасының корреспонденті Екатерина Петроченко мен IRNA TV (Иран) телеарнасының корреспонденті Амур Хушанг Данаи мырза ақпараттық қолдау көрсетті.