Желтоқсан айының он екінші жұлдызында Шығыстану факультетіне Түркияның Стамбул қаласындағы Йылдыз Текника Университетінен доктор Тунжай Севиндик бастаған делегеция құрамы келді.
Йылдыз Текника Университеті қазіргі заманғы инженерлік технологияларды ғылым мен білім саласында белсенді енгізіп жатқан әлемдік деңгейдегі танымал университет. Университеттің IT саласындағы мамандары аталған оқу орнының арнайы Технопаркінде білім беру, ғылыми жұмыстар жүргізу салаларында компьютерлік бағдарламаларды ұтқыр қолданумен қатар күнделікті тұрмыста кез келген мақсаттағы жұмысты жеңілдету үшін сан түрлі бағдарламалар құрастырған. Олар іс жүзінде тәжірибеден өтіп, өзінің үлкен нәтижелерін айқын танытып отыр және европалықтардың қызығушылығын арттыруда.
Доктор Тунжай Севиндік факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы, магистранттары мен докторанттарын өзі даярлаған Мустафа Инан, Сабри Демир, Мурат Учар сияқты білікті мамандармен таныстырып, олардың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының мазмұнын түсіндірді.