Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы

4/12/2021

Views: 2834

  Халықты білім, еңбек, өнер жолына жетелеген ұлы Абайдың шығармаларын өмірін жарқын, келешегін кемел еткісі келетін кез келген адам өзіне рухани нысана тұтары сөзсіз. Оның туындылары қараңғы түнде адамды адастырмай, тура жолға бағыттайтын шам іспетті. Қанша уақыт өтсе де, өз маңызын жоғалтпаған ұлы ақынның терең ойлары қазақ халқы ғана емес, әлем елдері үшін де өзекті.

   «Абай жолы» роман-эпопеясында жастайынан әділдігімен, білімімен көзге түскен Абайдың кемелденген шағында қарапайым халықтың сүйіктісіне айналғанын байқауға болады. Тіпті орыс шенеуніктері мен зиялыларының арасында Абайдың қадірлі адам болғаны белгілі. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов сынды алыптардың шығармаларымен танысуы, қоғамда болып жатқан оқиғалар Абайдың өз жанынан өлең шығаруына үлкен әсер етті.

   Бүгінде философиялық, гуманистік көзқарасымен ерекшеленетін Абайдың шығармалары әлемнің 30 тіліне, ал М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы 115 тілге аударылған. Қазақстан мен Еуропа, Азия мемлекеттерінің арасындағы әдеби байланыстардың нәтижесінде көптеген туындылар жарық көрді.

      Ұлы ақынның шығармалары Еуропа оқырмандарының арасында танымал. Германияның әдеби сыншысы, аудармашысы Леонард Кошут белгілі жазушы Герольд Бельгердің қолдауымен Абайдың 20 өлеңін, қара сөздерін аударып, неміс оқырмандарына тарту еткен. Леонардтың Абай шығармаларына деген қызығушылығын «Абай жолы» романы оятқан екен. Неміс аудармашысы үшін ақынның терең ойларын меңгеріп, қазақ тілінен аударуға 3 жылдай уақыт кеткен.

Абай туындыларына қызығушылық танытқан жандардың бірі – Бразилиядағы Сан-Паулу университетінің профессоры Америко Эдельсио. Ол Абайдың қара сөздерін португал тіліне аударып, қазақ әдебиетінің Латын Америкасына танылуына себепші болды. Сондай-ақ, ақын шығармалары туралы «Абай сөзінің құдіреті» атты мақала жазған.

   Ұлыбританияның Кембридж университетінің Білім реформасы департаментінің басшысы Джейн Манн да Абай жинағын ағылшын тіліне аударуға үлес қосқан. Ол Қазақстанда 17 рет іссапарда болып, қазақ әдебиеті антологиясының аударма жобасына қатысқан.

       Абайдың мұрасын зерттеп, оның әлемдік қауымға танылуына себепкер болған ақын-жазушылар мен аудармашылардың арқасында өзге елдер әдебиетімізбен етене танысып, өз ұрпақтарына үлгі етуде.

   Абайдың мерейтойлары да жыл сайын ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Ақынның құрметіне арнап бірқатар мемлекетте ескерткіштер ашылып, көше атаулары берілген. ЮНЕСКО 1995 жылды «Абай жылы» деп жариялады. 150 жылдық мерейтой әлемнің      25 елінде атап өтіліп, «Абай» энциклопедиясы жарық көрді. 2020 жылы ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуына орай елімізде карантин талаптарын сақтай отырып, онлайн түрде іс-шаралар, челлендждер ұйымдастырылды. «Abai TV» телеарнасы ашылып, «Qazaqstan» арнасы түсірген «Абай» телехикаясы көрерменге жол тартты. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Абайдың жұмбағы» спектаклі қойылды. Бұл мереке Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде тойланды. Мәселен, Түркияның Анталья қаласында ақынға арналған саябақ, Ыстамбұлда «Абай үйі» қазақ мәдени-іскерлік орталығы ашылды. Люксембургте ақын мерейтойына орай концерт өтті.

   Қорыта келе, аталған іс-шаралар мен әлем әдебиетшілерінің еңбегі Абайдың қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың ұлы тұлғасы екендігін айқындайды. Оның шығармалары, өзекті ойлары жыл сайын шетел жұртшылығы арасында өз танымалдығын кеңейтіп келеді. Абай есімінің әлем халықтары әдебиетінде ерекше орын алуы – үлкен мәртебе. Оның мұрасы әлемнің игілігіне жарап, адамзат ұрпағының бағдарына айналғаны – қазақ халқы үшін зор мақтаныш.

 

 

Абсатар Аружан Нуртасқызы

№180 ЖББ мектептің 11-сынып оқушысы

Алматы қаласы

Алатау ауданы

Ұялы тел: 8-777-346-11-19

Эл. пошта: absatararuzhan2004@mail.ru

 

Жетекшісі: Ахметова Құралай Әбдіназарқызы

Ұялы тел: 8-702-977-03-75

Эл.пошта: kura7575@mail.ru