Алаш арыстары

3/18/2021

Views: 2017

Жер бетінде әр ұлттың өзіндік тарихы, мәдениеті, әдебиеті, руханияты болады. Қазақ елінің тарихы, мәдениеті, әдебиеті, руханияты өте бай әрі терең. Ежелден тектілік пен бекзаттылықты бойына дарытқан қасиетті халық адамгершілік пен намыс жолында сандаған күрестерден өтті. Ұланғайыр байтақ өлкесіне көзін алартқан атанәкес дұшпандар тұтқиылдан тап бергенде, қазақтың жоян ұлдары бес қаруын асынып, аруақтанып, майданда қаш кешті. Бұл ерлік қазіргі таңдар өр ұрпақтарына үлкен өнеге болып қалды.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, жоңғар шапқыншылығы қазақ еліне қайғы мен қасірет әкелді. 

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған қиын екен,

Екі көзден мөлділдеп жас келеді,-

деп "Елім-айлап" қияпаттан өткен қазақ халқы қаншама зобалаң заманда да рухын түсірмеді, меселін қайтармады. Қазақ халқының шаңырағын шайқалтып, туырлығын тіліп, керегесін кертпек болған жоңғарлардың  арам ойы іске аспады. Күллі қазақ даласынан жиылған құйысқаны берік нарқасқалар мен марқасқалар бес қабат шарайнасын киіп, бес қаруын асынып, қармасқанды құлатып, сермескенді сұлатты. Сөйтіп, жауыз жоңғарды тойтарып, жермен-жексен етті. 

Кейіннен, орыс елінің озбырлық саясаты басталды. Қазақтың сүт бетіндегі қаймақтары - Алаш арыстары рухани күрес жүргізді. Газет пен журналдар шығарып, әлемдік дәрежедегі мақалалар жазып, кітап шығарып, білім мен ғылымның тың әрі соны тәсілдерін меңзеді. Ахмет Байтұрсынұлының 1909 жылы жарық көрген "Қырық мысалы", 1911 жылы жарық көрген "Маса" жинағы, енгізген "Жаңа Емлесі", 1926 жылы жарық көрген "Әдебиет танытқышы" қазақ елінің сарқылмас қазынасына айналды. Қара өлеңнің буыны мен шумағын, тармағын, бунағы мен ұйқасын ғылыми тұрғыда зерттеп, ғылыми анықтама берген ақын Ахмет Байтқрсынұлының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз еді. 

Ал, Әлихан Бөкейхановтың 1903 жылы жарыө көрген «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи», «Киргизы» атты монографияларының қазақ тарихында алар орны тіпті бөлек. Қазақ қыздарының теңсіздігі мәселесі төңірегінде тұщымды ой айтқан жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының "Қартқожа", "Ақбілек" романдары қазақ әдебиетіндегі соны туындылардың қатарына жатады. Міржақып Дулатовтың 1913 жылы Ахмет Байтұрсыновпен бірігіп шығарған "Қазақ" газетінің маңызы орасан зор. Қара қылды қақ жарған ақындардың әлемдік ақпараттарды дәл әрі бірегей етіп жеткізуі, ғылым саласындағы жаңашылдықты дәріптеуі, ұлтының ұлылығын ұлықтауы - ХХ ғасырд "Алтын ғасыр" деп атауға негіз болды. 

Сондықтан да, ұлт мұрасын зерттеу барысында, тарихтың, әдебиеттің, ғылымның алатын орны ерекше зор. 2021 жылдың 20 наурызы "Алаш арыстары" атты тақырыппен онлайн пікір таласқа арналады. Аталмыш шараға қатысамын деушілерге онлайн есік ашық!

 

Материалды сайтқа әзірлеген: Елғондинова Аружан Дидарқызы