Мәтінге филологиялық талдау жасау негіздері

 

ҚазҰУ-дың филология факультетінде ұйымдастырылған «Профессор сағатының» кезекті дәрісі өтті. Бұл жолы шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірғали Оразғалиұлы Есембеков «Мәтінге филологиялық талдау жасау негіздері» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында ғалым мәтіннің күрделі, көп жақты, сан қырлы, астарлы нысан екендігін, оған берілген анықтамалардың да әрқилы болып келетінін айта келіп, жалпы мәтін теориясының өзекті мәселелерін, яғни мәтіннің құрылымдық бөлшектері, мәтін шегі, мәтін құру, мәтіндік ойлау, мәтін статусы, мәтін субьектілері, интермәтін, дискурс, мәтіннің статикалық және динамикалық сипаты, мәтіннің тілдік бірлігі және айтылымы сияқты аспектілерді ғылыми тұрғыдан талдап берді. Бұған қоса мәтіндегі айтушы және тыңдаушы грамматикасы мәселесі, синтаксема, текстема, стилема бірліктерінің мәтіндегі қызметі жөнінде қосымша ақпараттар да қамтылды.

Профессор өз дәрісінде мәтін теориясына қатысты әр тезисін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының көркем мәтіннің өзіндік өлшем, белгілерін мысал ете отырып дәйектеді. Мәтін қашан да анық, ұғынықты, біртұтас, оның ішкі мазмұны мен сыртқы формасы «іші алтын, сырты күмістей» үйлесімділікте болып, гармонияға құрылуы қажет екендігіне баса назар аударды.

Осы уақытқа дейін ғылымда мәтінді әдеби-тарихи талдау, лингвистикалық талдау тұрғысында зерттеу басым болып келгендігі және осы ретте оның артықшылығы мен кемшін тұстарын айта келіп, мәтінге филологиялық талдау жасауда анализ, синтез тәсілдері қатар қолданылып, мазмұн мен мән, форма мәселесі бірдей қамтылатындығын атап өтті.

Әдебиет теориясының маманы, білікті де тәжірибелі әдебиетші-ұстаз Темірғали Оразғалиұлының мәтін теориясы жөніндегі дәрісінде мазмұнды да өзекті мәселелер көтерілді. Дәріске әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранттары мен докторанттары, оқытушыларынан басқа Евразия гуманитарлық институты, Атырау мемлекеттік университеті сияқты т.б республика көлеміндегі ЖОО-ларынан көптеген жас ғалымдар, әдебиетші-ұстаздар, ғалымның шәкірттері қатысты.

 

Басылым күні :  02.03.2021