2022 жылдың 22 қыркүйегінде факультет студенттеріне Айымдос Ерсайынұлымен кездесудің сәті түсті

23.09.2022

Көрулер: 490

2022 жылдың 22 қыркүйегінде факультет студенттеріне Айымдос Ерсайынұлымен кездесудің сәті түсті. Адуынды бітімгер көшбасшылық дәріс басталысымен-ақ жас білім алушылардың назарын баурап алды. Саңлақ дипломат дәрісін «Дипломаттың естеліктері: жаһандық тұрақсыз дәуірде дипломат болудың жүгі қандай?» тақырыбында өткізіп, қазіргі таңдағы әлемдегі геосаяси жағдайлардың тұрақсыздығы мен құбылмалылығын, осы құбылыстардың жаһандану жағдайдағы тез таралуынан туындайтын әр түрлі формадағы қауіп-қатерлерге, сын-қатерлердың елімізге әсеріне тың баға берді. Өзінің Армения Республикасында Төтенше және Өкілетті Елші болып тұрғанда әрмен академиялық қоғам өкілдерінен «Дешті-Қыпшақ» тақырыбына қатысты көп естігендігін, Армения мемлекеттік архивінде орта ғасырлардағы қыпшақтар жайлы ақпараттарды қамтитын көптеген деректердің жатқандығын байқағандығын жеткізді. Осы тақырыпты «Қазақстанға ТМД мемлекеттерін әлі де кеңірек тану керек», - деп түйіндеді.

Дәріс соңында Айымдос Ерсайынұлы білім алушыларға кәсіпқой дипломатқа қажетті мінез-құлық, аса маңызды қабілеттер жайлы өзі пайымдаған тәжірибесімен бөлісті. Бітімгер дипломат болу үшін жас ұрпаққа екі түрлі формадағы «білімді» меңгеру қажеттігін атап өтті. Біріншісі «терең білім» - өз мамандығын жете меңгеру үшін жинайтын білім. Екіншісі «кең ауқымды білім» - өз кәсібіне қатысты жинайтын білім. Дипломаттың ойынша, осы екі түрлі формадағы білімді ұштастыра білген жас маманның болашағы жарқын.