Ғылыми жобалар коммерцияланбақ

29.10.2021

Көрулер: 825

     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультеті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың «Біріккен химиялық компания» ЖШС басшылығымен онлайн және офлайн форматта іскерлік кездесу өткізді. Бұл компания республикамыздың химия өнеркәсібі бойынша ұлттық оператор екенін естеріңізге саламыз.

     Бұл шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Инновациялық және зияткерлік меншік басқарма басшысы Айгүл Ахметова, химия және химиялық технология факультетінің деканы Хайдар Тасыбековтың ұйымдастыруымен жүзеге асты. Басты мақсат – қолданбалы зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттырып, оларды коммерцияландыру.

     Кездесу барысында факультетіміздің профессорлық-оқытушылық құрамы коммерцияландыруға ұсынған әлеуеті жоғары 12 инновациялық ғылыми жоба талқыланды. Бірнеше сағатқа созылған мұқият талдау нәтижесінде «Біріккен химиялық компания» ЖШС басшылығы осы жобалардың ішінен 5 жобаға қызығушылық танытты.

     Оларды атап өтер болсақ: 1) «Құрамында күкірт бар жаңа нанокомпозиттер мен препараттар алу технологиясын әзірлеу және сынау»; 2) «Күн энергиясын сақтау құралы ретінде қолданылатын натрий-иондық аккумуляторлар»; 3) «Нововалидол дәрілік препаратын өндірудің кіші тонналық өндірісін ұйымдастыру»; 4) «Қатерлі ісік, туберкулез және COVID-19 иммунотерапиясына арналған фармакопеялық моносахаридтер кешеніне негізделген инновациялық препараттарды жасау және өндіріске енгізу»; 5) «Жергілікті және кумулятивті әсер ететін газ-химиялық патрондар».

     Бұл жобалардың барлығы импортты ығыстыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға негізделген. Сондай-ақ бұл жобаларды жоғары деңгейлі өңдеу өнімдерін шығаратын кәсіпорын құруға қауқарлы деуге болады. Оларды егжей-тегжейлі талқылау мақсатында компанияның басқарма төрағасының кеңесшісі Айдар Әбілдаев университетімізге шұғыл іссапармен келді. Аталған 5 жобаның әрқайсысы бойынша кафедралардың шығармашылық ұжымы қаржы, экономикалық, маркетингтік, нарықтық және эксперттік сараптамалар жүргізеді.

     Компания өкілдері өз тарапынан мемлекеттік-жеке меншік немесе бизнес әріптестік форматта серіктестік қалыптастыруды қолға алатынын ресми мәлімдеді. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жүргізіліп отыр. Бұл оқу ордасындағы химия және химиялық технология факультетінің бәсекеге қабілетті экономика құруға қосқан үлесінің бірі болмақ.

 

Нұрболат Құдайбергенов,

PhD, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

химия және химиялық технология факультеті

деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және

халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары