Бигелді Ғабдуллинмен кездесу өтті

18.11.2021

Көрулер: 1684

   Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы Қазақ ПЕН-клубының президенті, публицист Бигелді Ғабдуллинмен кездесу өткізді. Басқосуға оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

   Танымал журналист кәсіби жолының басталуы, жас мемлекеттің қалыптасуының қиын да қызықты жылдары, қазақстандық журналистиканың дамуы туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Жастарға отандық БАҚ дамуындағы «романтикалық» кезең туралы шынайы оқиғаларды баяндап, журналистердің материал дайындау барысындағы батыл қадамдарынан мысал келтірді.

    Жиынға қатысушылар демін іштен тартып, спикер белсенді қатысқан шулы істер мен жанжалды тергеулердің жайын, бір кездері қастандықтың құрбаны болғаны және журналист жұмысының басқа да шытырман оқиғаларын мұқият тыңдады.

   «Егер адамдарға айтар дүниең болса, 80 жылдық мерейтойды күтудің қажеті жоқ. Тек отырып жазуың керек», – деп үндеу тастады Бигелді Ғабдуллин болашақ журналистерге. «Кітап жазу үшін тағдыр және мен өмір бойы жазып жүрген қарапайым ғана қалам керек», – дейді ол.

   Бигелді Ғабдуллин ұзақ жылдар бойы журналист, «Новое поколение», «XXI век», Central Asia Monitor газеттерінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Бүгінде – Қазақ ПЕН-клубының президенті. Талантты жазушының қаламынан туған «Великое кочевье», «Право на исповедь» және «Сизо» кітаптары бестселлерге айналды. Публицистің өмір жолы да ерекше және драмалық оқиғалар мен сынақтарға толы.

   Сондай-ақ кездесуде «Сизо» кітабы талқыланып, білім алушы жастар өз пікірлерімен, әңгімеден алған әсерлерімен бөлісті. «Маған кітаптың жанды, жарқын және эмоционалды тілі ұнады, – деді 4-курс студенті Алуа Қайролла. – Мен осыған дейін мұндай жанрдағы кітаптарға қызығушылық танытпадым, бірақ әңгімені оқығаннан кейін ойым өзгерді. Кітап үлкен әсер қалдырды, мен оның басқа оқырмандарды да жаулап алғанына сенімдімін».

   «Лайықты деректі оқиға: адал, батыл, шынайы. Сипатталған оқиғалардың ерекшеліктерін ескере отырып, қиын сипаттағы кітап дер едім. Бір деммен оқылады. Қазақстанның болашағына немқұрайды қарамайтын барша жанға оқуға ұсынамын», – дейді журналистика факультетінің 1-курс студенті Аяулым Нұрланқызы.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі