Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультеті ұйымдастыруымен 2019 жылы 25 қаңтарда «XXI ғасырдағы ұлттық тарихи сана және қоғамның жаңғыруы» атты Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасы мен «Ұлы Даланың Жеті қыры» мақаласында қойылған міндеттерді шешуге арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияға басты пленарлық мәжілісінде тақырып төңірегінде баяндама оқып, пікір білдірген бірқатар ғалым, зерттеушілер қатысты. Олар: ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Көмеков Болат Ешмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, филол.ғ.д., профессор Қажыбек Ерден Задаұлы, ҚР ҰҒА құрметті академигі, Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерделеу республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.ғ.д., профессор Омарбеков Талас Омарбекұлы, Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филол.ғ.д., профессор Жеменей Ислам, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Кабульдинов Зиябек Ермұханұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, т.ғ.д., Геттинген университетінің құрметті профессоры Жұмағұлов Қалқаман Тұрсынұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, т.ғ.д., профессор Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Төлеубаев Әбдеш Ташкенұлы.
Конференция барысында Қазақстанның жаһандық тарихтағы нақты рөлін көрсету мен бағалуға қатысты түйінді мәселелер, XXI ғасырдағы ұлттық тарихи сананы қалыптастыру жолдары мен қоғамның жаңғыру мәселелері талқыланды.