«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқу ғимараттарындағы және аумағындағы табиғи радиоактивті радон газының құрамын радиациялық-гигиеналық бағалау» ғылыми-зерттеу жұмысы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінің метеорология және гидрология кафедрасының төртінші курс студенттері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқу ғимараттарындағы және аумағындағы табиғи радиоактивті радон газының құрамын радиациялық-гигиеналық бағалау бойынша ғылыми зерттеу жүргізді.
Зерттеу нәтижесі бойынша келесі қорытындылар жасалды:
Университетте зерттелген барлық нүктелердегі гамма-сәулеленуінің баламалы доза жылдамдығының орташа мәні 0,17 мкЗв/сағ құрайды, бұл Алматы облысының табиғи гамма-фоны деңгейінде. Бөлмелерде гамма-сәулеленудің орташа мәні 0,18 мкЗв/сағ құрайды, бұл да Алматы үшін табиғи фон деңгейінде.
Радонның баламалы тепе-теңдік көлем белсенділігінің концентрациясы қолданыстағы ғимараттардың стандартты мәндерінен аспайды және Алматы үшін орташа мәнмен сипатталады.
Есептеулер бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары үшін радиацияның табиғи көздерінен жылдық дозасы 0,63 мЗв/жыл құрайды, бұл тұрғындарының рұқсат етілген дозасынан (1 мЗв/жыл) төмен.