«Үздіксіз дамудағы Орталық Азиядағы билік, адамдар және мәдени өзгерістер» атты ESCAS-2023 аймақтық конференциясы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әл-Фараби кітапханасында 22-23 қыркүйекте Еуропалық Орталық Азия зерттеулер қоғамы (ESCAS) мен ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен «Үздіксіз дамудағы Орталық Азиядағы билік, адамдар және мәдени өзгерістер» атты ESCAS-2023 аймақтық конференциясы өтті. Екі күндік конференция аясында 8 сессия, 2 пленарлық жиын, 49 панельдік пікірсайыс алаңдары жұмыс істеді. Шараға Орталық Азия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Швеция, Франция, Финляндия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістаннан тарих, мәдениет, экономика, саясат саласын зерттеуші 300-ге жуық ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Ғылыми жиынның тақырыбы жаһандық трендтерді талдау, тұрақсыз әлемде орын алатын сын-қатерлер мен Орталық Азиядағы негізгі үрдістер мен оқиғаларды бағалау болды. Сарапшылар геосаясат, Орталық Азия көші-қоны, дін, мәдениет, медиа саласындағы білім беру мен медиасауаттылық, гендерлік теңдік, урбанизация, білім беру салаларындағы саяси институттарды трансформациялау бойынша зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, адамдар мен мәдени өзгерістерге байланысты заманауи сын-қатерлер мен әлемде орын алып жатқан оқиғалардың БҰҰ белгілеген тұрақты дамудың 17 мақсатына қол жеткізуге әсерін талқылады.
Маңызы зор ауқымды жиынға Дінтану және мәденметтану кафедрасының профессор-оқытушылары, докторанттары мен магистранттары да белсене қатысты. Бүгін кафедра меңгерушісі Айнұр Құрманалиева мен кафедра меңгерушісінің орынбасары Мира Балтымова докторанттармен және магистранттармен бірге конференция жұмысын талқылады. Білім алушылар спикерлермен сұхбаттасу барысында ғылыми зерттеу жүргізу талаптары бойынша мол тәжірибе жинағандарын айтты. Конференция ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен ғылыми жарияланымдар жазуға, Орталық Азияны зерттеу шеңберінде халықаралық деңгейде жаңа зерттеу жобаларын құруға мүмкіндік берді.







