Дінтану және мәдениеттану кафедрасының екі студенті «ҚР Үздік студенті – 2022» байқауында жеңімпаз атанды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арналған жолдауын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген республикалық байқауға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасы "6B03102-Мәдениеттану" мамандығының 4-курс студенттері Шарафутдинова Анель Дамирқызы және Алмаханова Назерке Айдарқызы қатысты. Қазылар алқасының шешімімен талапты жастар жүлделі 1 және 2-орынды иеленді.
«Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы мен Үздік студенттер академиясы бірлесіп ұйымдастырған байқауға еліміздің барлық өңірінен студенттер қатысты.
Олар өздері жайлы жазған екі беттен кем емес автобиография мен диплом, алғыс хат сынды құжат көшірмелерін байқау ұйымдастырушыларына үш тілде жолдаған. Нәтижесінде ғылым, өнер, спорт саласында жетістікке жеткен және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары белсенді студент жастар іріктеліп, «ҚР үздік студенті – 2022» атты талантты студенттердің кітап-жинағына енді.
Жинаққа енген көшбасшы студенттер кітап таныстырылымына шақырылып, шара соңында қатысушыларға арнайы тағайындалған «ҚР үздік студенті – 2022» төсбелгісі, куәлік және І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, ҚР Тұңғыш Президенті қорынан сыйлық-кітаптар табыс етілді. Сондай-ақ республикамыздағы үздік жастардың түрлі түсті электронды кітап-жинағы және студенттердің жетекшілеріне электронды Алғыс хат берілді.







