«Қазақтану сериясы» бойынша жаңа кітаптардың тұсаукесері
9-маусым күні Орал қалалық кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Қазақстан-2050 стратегиясы мәнмәтінінде Қазақстандағы жаңғыру үдерісіндегі мәдени ескерткіштердің орны мен рөлі » атты ғылыми жоба аясында орындалған «Қазақтану сериясы» бойынша жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, бірнеше жарияланымдардың, монографиялардың авторы Ғабитов Тұрсын Хафизұлының жетекшілігімен шәкірттері гуманитарлық ғылымдар магистрлері Райымбек Зейнуллин және Елдос Осербаевтің авторлық ұжыммен жарық көріп отырған «Қазақ мәдениетінің теориясы мен тарихы», «Қазақстандағы мәдени туризм: Ұлттық код. Артефактілер:анықтамалық» және «Жаһандану және Қазақстанның заманауи мәдениеті» атты зерттеу еңбектері таныстырылды. Кітаптар Алматы қаласында Қазақ университетінің және «Лантор Трейд» баспаларында жарық көрді. Бұл кітаптар мәдениеттану мамандығының бакалавлары, магистрлері мен докторанттарына және қазақ мәдениетіне қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған.
Іс- шара барысында ZOOM арқылы шыққан автор Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Т.Ғабитов шәкіртіне сәттілік тілеп, осы кітаптардың маңыздылығы жөнінде тоқталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы А.Құрманалиева да өз тілегін жеткізді. Шақырылған қонақтар Мәдениет саласының үздігі, кітапхана ісінің ардагері Р.Айтжанова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Өтемісов атындағы БҚУ тарих факультеті дүниежүзілік тарих және әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі А.Журасова, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімінің басшысы А. Кульчукова салтанатты түрде лента қиып құттықтау сөз сөйледі. Құрманғазы атындағы саз колледжінің «Нарын» ансамблі Ә.Желдібаевтің «Ерке сылқым», Қ.Сағырбаевтің «Бабырауын», Д.Шығайұлының «Көроғлы» күйлерін орындады. Іс-шара соңында автор кітапхана қорына қолтаңбасымен өз еңбектерін сыйға тартты.







