«Тәуелсіздік – теңдігім, егемендік – елдігім!»

Қазақстан – тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында еліміз басынан азап та, аштық та, сұм соғыста өткерді. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы бабамыз.

Талай – талай қас батырлар жанын қиып, қорғап қалған, талай арулар махаббат құрбаны болған, талай өзегі өртенген өкінішті жандар мен қуаныштан жүрегі жарыла шаттанған пенделердің куәгері болған қазақ жері!

Қазіргі таңда Тәуелсіздік — баршамызға ерекше қасиетті күн. Бірлік, ынтымақтастық пен татулық күні. Еліміздің тәуелсіздігі — халқымыздың бақыты, ғасырлар бойы аңсаған арманы.

Ұлы даламызды найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап келген батыр, көреген, дана бабаларымыздың рухына тағзым ету және тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздан тағылым алу үшін Қазақстан Республикасының 25 жылдығына, Тұңғыш Президент күніне және Алматы қаласының 1000 жылдығына орай Қазақ Ұлттық Университет колледжінде  30 қараша күні «Тәуелсіздік – теңдігім, егемендік – елдігім!» атты тарихи-әдеби кеш өткізілді.

Колледж директоры Р.О.Нурканова басшылық еткен шараны ұйымдастыруға колледж кураторлары мен барлық студенттері ат салысты. Аталған шараға университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінен Т.Б.Абишев шақырылды, сонымен қоса Алматы қаласының колледж ұйымдастырушылары және ата-аналар шақырылды. Студенттерді тәуелсіздік, бостандық, еркіндік ұғымдарының тарихи маңызын түсіне білуге, туған халқының тарихын құрметтеуге, отансүйгіштікке баули отырып, патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында өткен іс-шара Қазақстан тарихы желісімен «Томирис», «Қазақ хандығының құрылуы», «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», «Семей-Невада», «Желтоқсан оқиғасы», «Ұлттар татулығы» тақырыптарындағы тарихи көріністер асқан шеберлікпен орындалып, әдеби шығармалардың орындалуымен жүзеге асырылды. Әрбір тарих кезеңі тақырыпқа сай бейнебаяндармен, әуендермен және өнерпаз студенттердің «Елім менің», «Желсіз түнде жарық-ай», «Желтоқсан желі», «Қайсар қазақ», «Астана», «Көк тудың желбірегені» әндерімен әрленіп, әр түрлі ұлттардың билерімен көркемделіп отырды. Тарих сабақтастығын көрсететін қойылымдарды аға куратор М.А.Кенебаева әзірледі. Көрерменнің тарихымызға деген қызығушылықтарын мен сүйіспеншіліктерін арта түсті.

Өткен тарихымыз болашақтың айнасы екендігін түсіну - қазақ халқының асыл қасиеті. Бұл кеш осы қасиеттің көрінісі.

Басылым күні :  05.12.2016