Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжінде тілдер апталығының әдеби-танымдық қорытынды кеші өтті

Қазақ тілі пән мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Тіл - қайнаған қанның,қиналған жанның,толғатқан көңілдің,лүпілдеген жүректің сығындысы» атты тілдер апталығының әдеби-танымдық қорытынды кеші өтті. Колледжіміздің оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі М.Аппакова құттықтау сөзінде Елбасының данышпан саясатының арқасында елімізде қоныстанған барлық ұлттардың тілдерін, мәдениетін, сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында қол жеткізген айтарлықтай жетістіктерге тоқталып, маңызды апталықта мәнерлеп оқудан,эссе жазудан,қабырға газетін шығаруда белсенділік танытқан топтарды, жеңімпаз топтарды мақтау қағазымен марапаттап, тіл мамандарына өз ризашылығын білдірді.
Білім алушылар өздерінің музыкаға деген қабілеттерін аңғартып, ән мен жырдан шашу шашты. Кеште Мұқағалидың жырын оқыған Бекенай Дінмұхаммед өзінің қоңыр дауысымен,мәнерлеп оқуымен көрермен қауымын таңқалдырды. Орыс тілінде жыр оқыған Патошина Лада әртістік қабілетімен дүйім жұртты таңғалдырды. Концерттік бағдарламаны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Алтын Шәкіржанқызы жүргізді.
Түйіндей келе, бұл шаралар осы мерекемен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай өз жалғасын табады деп ойлаймыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» - деп тура айтқан. Олай болса, тілімізді қадірлей білейік!




Басылым күні :  28.11.2022