ТҮРКИЯЛЫҚ ҒАЛЫМДАР САРАПШЫ БОЛДЫ

Үстіміздегі жылдың, қазанның 27 күні, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында "Жаңа емле: кірме сөздердің таңбалануы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты – қазақ жазуын латын негізді жаңа әліпбиге көшіру негізінде тілтанымдық жұмыстардың бір парасы болатын.

Дөңгелек үстел жұмысына Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасы жанынан «Түркітану» мамандығы бойынша ашылған Филиал ұстаздары мен магистрант-докторанттары қатысты.  

___________________________________________________________________

 

Кірме сөздердің жазылуы қазақ емлесінің барлық кезеңінде де күн тәртібінен түспей келеді. Әсіресе бұл проблема латынға көшкен кезде қатты қойыла бастады. Алдымен институт директоры, ф.ғ.к. Анар Фазылжан «Жаңа әліпбиде кірме сөздерді орфографиялау принциптері» тақырыбында баяндама жасады. Келесі баяндама институттың жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Назира Әміржанованың «Латын графикалы қазақ жазуы: кірме сөздерді кодификациялау мәселелері» тақырыбында болды.

Дөңгелек үстелге Түркия Республикасынан сарапшы ретінде Еге университетінің профессоры, доктор PhD Мұстафа Өнер және Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры, доктор PhD Хүлия Касапоглу қатысты. Әр баяндаманы сарапшылар мен дөңгелек үстелге қатысушылар талқылап отырды. Талқылау барысында кірме сөздерді игерудегі Түркияның және өзге түркі тілдес халықтардың тәжірибелеріне байланысты құнды мәліметтер айтылды. Қатысушылар бұл мәліметтердің еліміздегі жазу реформасы қарсаңында кірме сөздерді игеру бағытындағы жұмысымызды нәтижелі етуге көмектеседі деген сенімде. Алдағы уақытта мұндай шаралардың көптеп өте беретіндеріне мол сенім білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Шығыстану факультеті,

Түрксой кафедрасы

Кортабаева Г.К. филол.ғ.к.

Андирова А.

«Түркітану» мамандығының 2 к. магистранты

Басылым күні :  30.10.2020