Халықаралық жобалар мен зерттеулер

Түркітану және үндітану кафедрасының халықаралық байланыстары

Түркітанушы мамандар дайындау ісі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде 1991-1992 оқу жылынан бастап қолға алынған. Түркітану кафедрасының іргетасы иран-түрік кафедрасы негізінде қаланды. Қазіргі дербес кафедра 1996 жылы ашылды. Бүгінгі таңда түркітану бөлімінің 100-ден астам түлегі бар. Олар мамандықтары бойынша Қазақстандағы Түркия Республикасының Елшілігінде, әл-Фараби, Абылайхан, Л.Гумилов атындағы университеттерде және ірі-ірі түрік фирмаларында қызмет атқарады. Кафедра оқытушыларының басым көпшілігі - университет түлектері. Олардың біразы Түркияның жоғарғы оқу орындарында, атап айтар болсақ: Гази университі жанындағы Әлеуметтік ғылымдар институты, Эге, Анкара, Тракия университеттерінде және т.б. білім ордаларында оқып, магистрлік дәрежеге ие болған ұстаздар. Сонымен бірге университетімізде Түркия Елшілігі жанындағы тіл үйрету орталығынан (ТӨМЕР) тағайындалған ұстаздар да сабақ береді.

Түркітану кафедрасы құрылғаннан бері Түркия Республикасындағы университеттермен арадағы халықаралық байланыстар нығайып, ғылым және білім қарым-қатынастарын дамытуға бағытталып келеді. Кафедраның ғылыми-әдістемелік жұмысы Түркия Республикасымен тікелей байланысты болғандықтан, Түркия мемлекеті және оның Елшіліктері, Анкара, Эге, Мимар Синан, Ататүрік, Фатих университеттерімен, Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университеті, Сүлейман Демирел атындағы университет, Халықаралық Қазақ-түрік білім қоры (КАТЕВ), Түрік халықтары ынтымақтастығы және даму агентті (ТИКА), Алматы түркі халықтары мәдени қоры, Астана қаласы Юнус Емре атындағы түрік мәдени орталығы, Қазақстан-zaman газеті, Польша Познань университеті, Москва Мемлекеттік лингвистикалық университеті (Москва қаласы, Ресей), М.Ломоносов атындағы Москва Мемлекеттік университеті жанындағы Азия, Африка елдері институы (Москва қаласы, Ресей), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институты және т.б. жоғарғы оқу орындарымен, халықаралық қорлармен ғылыми және халықаралық байланыстар орнатып, әрдайым тығыз байланыста жұмыс істейді. Ол байланыстар бірлескен ғылыми жобалар, конференциялар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар, мастер кластар, олимпиадалар түрінде көрініс табады.

Факультетте түркітану кафедрасының ұйымдастыруымен Түркия Республикасы ТІКА агенттігі тарапынан сыйға тартылған мультимедиялық кабинет пен кітапхана жұмыс істейді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Анкара университеті арасындағы екіжақты келісімшарт негізінде жыл сайын Анкара университетінде 3-курс студенттері 6 айлық тіл ұстарту, ал 1 курс магисранттары 1 айлық ғылыми тәлімгерліктен өтеді. Оған факультеттің ең үздік студенттері жіберіледі. Сонымен қатар осы келісімшарт негізінде кафедраның оқытушылар құрамы да Түркияның түрлі оқу орындарында тағылымдамадан өтіп, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жыл сайын жаз айларында Түркия Республикасының Манавгад және басқа қалаларында тіл үйрену және ғылыми тәжірибе алмасу мақсатында оқытушыларымыз бен студенттеріміз іс сапарларға жіберіледі. Биылғы жылы да осы игі бастама келісім бойынша өз жалғасын табатынына сеніміміз мол.

Үйреніп жатқан тілдерінің отанында 6 ай немесе 1жыл болып келген түркітану бөлімінің түлектері, Қазақстанның еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие болып, түрлі қызметтерде өз орындарын тауып жатыр.

Сонымен бірге Польша Познань университеті түркітану бөлімінің 2 студенті студенттер алмасуы келісімшарты негізінде университетімізде тәлімгерліктен өтіп, білімдерін жетілдіруде.

Астана қаласындағы Юнус Емре атындағы түрік мәдени орталығы 2010-2011 оқу жылында факультетіміздің 2 үздік студентіне арнайы шәкіртақы тағайындады және кафедра оқытушыларымен бірге ғылыми-зерттеу жобаларымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Түркітану саласы бойынша Қазақстандық және әлемдік түркітанушылармен байланыс орнату мақсатымен кафедра мүшелері мен студенттері түрлі дәрежедегі (республикалық, халықаралық) ғылыми-әдістемелік конференцияларға, түрік тілінен олимпиадаларға қатысады. Жеңімпаз студенттеріміз түрлі сыйлықтармен қатар, Түркияға жолдамадарды жеңіп алып, кафедрамызды жетістіктерімен қуанышқа бөлеп келеді.

2010-2011 оқу жылында, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Йешим Кебапчыоглымен, «Болашақтың ғылымы» атты халықаралық конгреске келген Анкара университетінің І проректоры Нильгун Халлоран және сол университеттің халықаралық байланыстар президенті проф. Халук Ишери, Қазақстандағы Түркия Елшілігінің білім жөніндегі кеңесшісі Доктор Кадир Четин, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше өкілетті елшілігінің діни істер жөніндегі кеңесшісі Ариф Гөкчек, Түркия Республикасының Стамбул қаласындағы Мимар Синан университетінің І проректоры Ахмет Ташағыл, Астана қаласындағы Юнус Емре атындағы түрік мәдени орталығының президенті Мехмет Арслан мырзалармен және Ерзурум университетінің профессорларымен кездесулер, Эге университеті (Измир қаласы) әдебиет факультеті түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі, белгілі түрколог-ғалым, профессор Явуз Акпынар, Ататүрк университетінің (Эрзурум қаласы) профессоры Сүлейман Эфендиоғлы, Мармара университетінің профессоры Мустафа Качари және түркітану кафедрасының оқытушы-профессор құрамы, магистранттар мен студенттер қатысуымен «Түркі халықтары әдебиетінің өзекті мәселелері» атты және басқа да дөңгелек үстелдер болып өтті. Осы кездесулер барысында Түркия Республикасының Эге университетінің профессоры Явуз Акпынар түркітану кафедрасының студенттеріне, магистранттарына және оқытушыларына «Түркі халықтарының әдеби байланыстары» атты актілік лекциясын оқыды.

Түркітану кафедрасы түрік тілін үйреніп жатқан мектептермен, колледждермен, қазақ-түрік лицейімен және қалалық мектептермен байланысын үзбей, жыл сайын ашық есік күндерін өткізіп отырады.

Сонымен қатар түркітану кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері, Алматы облыстық №1 жетім балалар үйіне барып, 8-сынып оқушыларымен кездесулер өткізіп, мерекелік шаралар ұйымдастырып, материалдық көмек көрсетіп отырады. Үйреншікті өмір мен оқудан тыс уақытта ерекше және пайдалы іс-шараға қатысу мүмкіндігін тауып, моральдік борыштарын да өтеп отырады.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қолдауымен, Түркия Республикасы мен басқа түркі тілдес бауырлас мемлекеттер басшыларының бастауымен Астана қаласында Түркітану Академиясы ашылды. Академия түбі бір түркі тілдес халықтардың (30-дан астам) тілін, әдебиетін мәдениетін, тарихын, этнографиясын зертейтін орталық болмақ.

Жалпы түркітану ғылымының алдында телегей теңіз тарихы, 1500 жылдық әліпбиі бар мұрамызды әлемдік дәрежеде зерттеп, оның дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін дәйектеу мақсаты тұр.

2010-2011 оқу жылында шығыстану факультетінің түркітану кафедрасында жоғарыда атап өткеніміздей халықаралық байланыстар негізінде көптеген іс-шаралар жүргізілді.

Алдағы уақыттарда, Эге (Измир қаласы), Мимар Синан (Cтамбул қаласы), Ататүрік университеттерімен (Ерзурум қаласы), түркітану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жобаларын, оқу-әдістемелік жағынан қарым-қатынастарын күшейтуді, студенттер алмасуын жолға қоюды жоспарлап отыр.

Құрылғанына небәрі 20 жыл болған Түркітану кафедрасының халықаралық байланыстарының Түркия Республикасымен ғылым және білім саласындағы қарым-қатынастарды дамытуға бағытталғанын жоғарыда да атап өткенбіз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шығыстану факультеті, Түркітану кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерінің ең басты міндеттерінің бірі, осы екі елдің достығының үнемі нығая, гүлдене түсуіне өз үлестерін қосып, екі елдің ғылыми және дипломатиялық қарым-қатынастарын күшейту. Тілегіміз, түбі бір екі ел, Қазақстан мен Түркияның халықаралық достық қарым-қатынастары мен ғылыми байланыстарының осыдан кейін де жалғаса беруі және одан да нығая түсуі болып табылады.