ҚазҰУ – мүмкіндіктер мекені: Хаджеттепе күнделігі

ҚазҰУ – мүмкіндіктер мекені: Хаджеттепе күнделігі

 

Мен, Токенова Акерке Талғатқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2-курс магистранты 2019 жылдың қазан айынан 2020 жылдың қаңтарына дейін академиялық мобильділік бойынша Түркияның Анкара қаласында оқуда болдым. Түркия Республикасында білім алған уақытта түрік тілін меңгеру деңгейін арттыра алдым. Сол тілде сөйлейтін адамдармен қарым-қатынас орнату тек тілді игеруге ғана емес, сол  елдің рухани мәдениеті мен заманауи өмір салтын жақсы тануға мүмкіндік берді.

Түркия қонақжай мемлекет болғандықтан, алғаш барғанымда ешқандай “мәдени шок” сезінбедім. Қазақтарда “Жүзі жылыдан түңілме” деген сөз бар. Білімімді арттыруға аттанған мемлекетке табаным тигенде де осы сөз бірден есіме түсті. Себебі, Түркияның адамдары ашық-жарқын, үнемі көмек қолын созуға дайын.

Түркия тек біртілді мемлекет болғандықтан, халқы да тек түрік тілінде қарым-қатынас жасайды. Ағылшынша, орысша немесе тағы да басқа тілдерді білетін түріктер сирек кездеседі. Сондықтан да, Түркияға оқуға баратын студенттерге кеңесім – түрік тілін ең аз дегенде базалық дәрежеде біліп бару. Жергілікті халық барлық нәрсеге қызығушылық танытқандықтан, олармен сөйлесу арқылы өз тіліңді жоғары дәрежеге көтеруге мүмкіндік көп.

Хаджеттепе - Түркиядағы ең танымал және үздік университеттердің бірі. Академиялық үлгерімі бойынша Түрік ЖОО-дары  арасында 1-орын алады. Университет 5 кампустан тұрады. Біз қаланың сырт жағында орналасқан Бейтепе кампусына орналастық. 6000000 шаршы метр (600 га)  аумағы бар Байтепе кампусы жасыл жер мен орманды құрайды. Университетте күнделікті өмірге қажет нәрсенің бәрі бар. Бізде спорт залды, олимпиадалық стандарттарға сәйкес салынған бассейнді және кітапхананы пайдалануға мүмкіндік болды. Кампуста кітап қоры айтарлықтай көп кітапхана бар, онда көптеген тілдегі материалдарды, ғылыми материалдар мен кітаптарды таба аласыз. Университеттің кітапханасы тәулік бойы жұмыс істейді және онда студенттерге емтиханға дайындалуға, диссертацияларын даярлауға және кез-келген уақытта сабақ оқуға, басқа да ғылыми жұмыстармен айналысуға толықтай мүмкіндік жасалған.

Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, мен де бос уақытымда магистрлік диссертацияға материал жинау үшін Түркия Республикасының Ұлттық кітапханасына (Milli Kütüphane) барып тұрдым. Кітапханада бес оқу залы бар, оның екеуі 400 орыннан тұрады. Кітапхананың веб-сайтында оқу залындағы орынға немесе кітапқа резерв жасап қоюға мүмкіндік бар. Кітапханалық каталогтан сіз кез келген кітаптардың басылымдарын, оқу журналдарының барлық шығарылымдарын таба аласыз. Хаджеттепе университетінің Бейтепе кітапханасынан таба алмаған барлық деректер мен материалдарымды дәл сол кітапханадан таптым десем артық айтқаным емес.

Түркияның қоғамдық көліктерінде кітап оқитын адамдарды жиі кездестіруге болады. Бұл біздің мемлекетпен салыстырғанда басты айырмашылықтардың бірі болып отыр. Отандық кітаптардың бағасымен салыстырмалы түрде қарасақ, Түркияда кітап бағасы өте арзан.

Негізінен, Түркия мемлекеті білімге өте қатты көңіл бөлетін мемлекеттердің бірі. Мұнда, шын мәнінде, керемет білім және өте жақсы профессорлар еңбек етеді. Маған ерекше ұнағаны, Хаджеттептеде әр мұғалімнің өзінің кішігірім бөлмесі бар. Яғни, мұғалімдердің жеке өз бөлмелерінде отырып ғылыммен айналысуға, студенттермен жеке ғылыми жұмыстар жасауға мүмкіндігі бар. Мені оқытушылардың бөлмелерінде кітаптардың көп болуы да таң қалдырмай қоймады.  Көбіне олар ғылыми жұмыстарға, мақалалар, кітаптар мен диссертацияларды жазуға баса назар аударады. Магистранттар үшін түрік профессорларының ғылыми жұмыс жазу туралы дәрістерін тыңдау үлкен тәжірибе деп ойлаймын. Сондықтан, мен барлығына сабақтан тыс дәрістерге, конференцияларға және симпозиумдарға қатысуға кеңес беремін.

Түркияда құжаттармен, яғни бюрократиялық істермен байланысты проблемалар жоқ. Бұл университеттердің үлкен артықшылығы. Себебі құжаттар, қол жинау, мөр қойғызу және т.б. жұмыстар оқудан алшақтатады және көп уақытты алады. Бақытымызға орай, бізден оқуға арналған келісім шарттан басқа құжаттар талап етілген жоқ. Бірақ Қазақстанға кетпес бұрын, университетке қайта оралған кезде тапсыру керек тізімдегі барлық қажетті құжаттарды мұқият жинап алған жөн, өйткені елімізде құжаттарға қатысты көптеген мәселе туындауы мүмкін.

Біз оқып қана қоймай, уақытымызды да қызықты әрі тиімді өткіздік. Семестрдің басында Хаджеттепе университеті Эрасмус (Erasmus) студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Бұл шарада Польша, Латвия, Литва, Хорватия, Венгрия, Иордания, Германия, Дания, Испания, Италия елдерінен келген студенттермен танысып, аталған елдердегі білім беру жүйесі туралы көп мағлұмат алдық.

Хаджеттепеде студенттік ұйымдар өте белсенді жұмыс істейді. Олар үнемі басқа қалаларға турлар ұйымдастырып, апта соңдарында олар ойын-сауық, мәдени кештер, саяхаттар және қайырымдылық шараларын, тілдік үйірмелерді өткізіп тұрады.

Мұндай мәдени-ағарту іс-шаралары әртүрлі елдер мен халықтардың арасында достық қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді және солардың арқасында біздің әлем туралы түсінігіміз кеңейе түседі.

Эрасмус бағдарламасы бойынша оқығаныма өте қуаныштымын. Негізінен, талаптары өте жоғары болғандықтан Эрасмус программасы бойынша шақырту қағазын алу біраз қиынға соғады. Менің дәл осы программадан шақырту алуыма бірден бір себепкер болған менің жетекшім Шадкам Зубайда ханым. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Түркиядағы университеттерге тікелей хат жолдап, құжаттарымды жіберіп, мені оқуға қабыл етуге ұсыныс жасаған болатын. Бірнеше айдан кейін жіберген барлық университеттерімізден шақыртулар келді. Ақылдаса отырып, білім деңгейіне қарай Хаджеттепе университетіне баруға шешім қабылдадым. Хаджеттепе университетінің профессорларының, ұстаздарының барлығы Зубайда ханымды жақсы танып, білікті маман ретінде өте қатты сыйлайды десем артық айтқаным емес. Алғаш барғанымда мені Зубайда ұстаздың студенті екен деп қуана қарсы алып, бөлімдегі барлық мұғалімдермен таныстырды. Сол кездегі ішімдегі мақтаныш сезімін айтып жеткізе алмаймын.

Ең алғаш шақырту келгенде бөтен мемлекетке барып оқу қалай болады екен деген қобалжу, уайым болғаны да өтірік емес. Алайда кафедрамыздың меңгерушісі Қыдырбаева Үміт апай өзінің бізге сенетінін, үлкен үміт артатынын айтып қолдау көрсетті. Түркияда жүрген кезде де кез келген мәселе бойынша тікелей меңгерушінің өзімен байланыста болып тұрдық. Үнемі қолдау көрсетуге, білгенін үйретуге дайын, білімімізді шыңдауға үлкен үлес қосқан ұстаздарым болғаны үшін ризамын.

Біздің ҚазҰУ-нің, Шығыстану факультетінің арқасында мен басқа мәдениетті білуге, таным көкжиегімді арттыруға және сол тілде сөйлейтін халықпен бірге тұрып, өз мәдениетіміз бен өркениетімізді насихаттауға мүмкіндігім болды.

Ең бастысы, болашақта қызметтік мансабыма қажет болатын және кәсіби тұрғыда жетістікке жетуіме септігін тигізетін баға жетпес тәжірибе жинадым.