Ортағасырлық шағатай тілдерінің медициналық трактаттарын зерттеуге арналған ғылыми семинар: білім мен тәжірибе интеграциясы

2024 жылдың 5 ақпанында Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Алматы менеджмент университеті (AlmaU) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде « Жазба жәдігер және рухани мұра » ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп ғылыми семинар ұйымдастырды.

Бұл шара ортағасырлық шағатай тілдерінің медициналық трактаттарындағы дәрілік өсімдіктерді сипаттауға қатысты өзекті зерттеулерді талқылау алаңына айналды.

Семинарда сөз сөйлеген «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Н.Н. Қайранбаева «Ортағасырлық шағатай тілдерінің медициналық трактаттарындағы дәрілік өсімдіктердің сипаттамасы»  атты тақырыпта баяндама оқыды.Семинарға қатысқан қонақтар ортағасырлық қолжазбалардағы дәрілік шөптердің ерекшеліктері туралы сұрақтар қойып, өз қызығушылықтарын білдірдді.

Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы, Алматы менеджмент университетінің Саясат және құқық мектебі мен Денсаулық ғылымдары мектебі екі мекеме арасында медицинадағы әлеуметтік және гуманитарлық зерттеулер бойынша ғылыми онлайн семинарлардың бірлескен жобасы аясында Мұндай іс-шараларды ай сайын ұйымдастырады.

Медицина әлеуметтануы, медицина тарихы және медициналық антропология және онымен байланысты пәндер бойынша зерттеулермен айналысатын Ресейден, Қазақстаннан және шет елдерден келген ғалымдар баяндама жасап, кітаптар мен мақалалардың тұсаукесерін ұйымдастырады.

Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Қазақстан тарихы және қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Нағайбаева Зәуреш Арстамбекқызы қазақ медицинасының даму тарихына қызығушылығын айтып, « Жазба жәдігер және рухани мұра » ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін білдірді.

Сондай-ақ, AlmaU саясат және құқық факультетінің аға оқытушысы Вера Александровна Смирнова бұл тақырыптың маңыздылығына тоқталып, қонақтарға қатысқандары үшін алғысын және алдағы уақытта бірлескен ынтымақтастыққа үміт білдірді.

Семинар ғылыми тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналып қана қоймай, ғылыми диалогты кеңейтуге және медициналық зерттеулер саласындағы университетаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Н.Н.Кайранбаева


 

Басылым күні :  11.02.2024