ТҮРКСОЙ КАФЕДРАСЫ АШЫҚ ЕСІК КҮНІНДЕ

 

2023 жылдың 16-ақпанында Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері мен гимназиялары түлектеріне кәсіби бағыт-бағдар беру жұмысына арналған Ашық есік күні өтті.

«Ашық есік» күніне мектеп және гимназиялардың жоғары сынып оқушылары, сынып жетекшілері, мектеп директорының білім беру ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Іс-шараның мақсаты – ҚР жалпы білім беретін орта мектептері мен гимназия оқушыларына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде оқытылатын «Шығыстану», «Аударма ісі», «Шетел филологиясы» және «Аймақтану» білім беру бағдарламалары жайында толық ақпарат беру. 


«Ашық есік күні» іс-шарасына 10-нан астам мектеп, колледж және гимназиядан 200-ден аса оқушы қатысты. Соның ішінде Түрксой кафедрасының арнайы шақыруымен келген (М.Ганди атындағы мамандандырылған №92 мектеп-лицейі, №173 -лицей, №133 -мектеп, №131 -мектеп, №177-мектеп, №36-гимназиясы, С. Керімбеков атындағы орта мектеп, Университеттің Колледжі) жалпы білім беретін орта мектептер мен гимназия оқушылары Шығыстану факультетінің кафедралары мен зерттеу орталықтарын аралап, студенттеріміздің білім алу үдерісімен таныс болды. Сондай-ақ, факультет оқытушыларының лекцияларын тыңдап, шетелдік оқытушылардың сабақтарына қатысты. Әбелдаев Жеңіс ағайымыздың Түрік әдебиеті дәрісіне кіріп шықты. «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми зерттеу орталығының директоры ф.ғ.к., қауымд.проф. З.Шадкам орталықтың мақсаты мен міндеттерін, қолжазбаларды зерттеу мүмкіндіктері мен перспективасы жайлы оқушылардың қызығушылықтарын танытты.

Түрксой кафедрамыздың оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жанатаева Кульжан Бекеновна мен қауымдастырылған профессор Құрманәлі Алтыншаш Арыстанбекқызы халықаралық байланыс, кафедрадағы білім беру бағдарламаларының артықшылықтары, серіктес университеттер, тағылымдама базалары мен түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Кәсіби бағыт-бағдар беруге арналған кешті Шығыстану факультеті деканының м.а. Ем Наталья Борисовна ашып, деканның ғылыми инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Джакубаева Салтанат Толеуовна факультеттің халықаралық ынтымақтастықтары мен академиялық ұтқырлық бағдарламалары жайында баяндама жасады. Факультет студенттері қытай, корей, жапон, түрік, араб, парсы тілдерінде әндер шырқап, өлеңдер оқыды, ұлттық билер биледі.

Түрксой кафедрасының «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының 2 курс студенттері Тілеу Аружан мен Асан Анар кафедрадағы мәдени іс-шаралар мен қызықты студенттік өмір туралы баяндады. Студенттеріміз түріктің танымал ақындарының өлеңдерін оқып, түрік киносы жайында викторина ұйымдастырды. «Шетел филологиясы» білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Алиасқар Жансая түрік тілін меңгерудің артықшылықтары мен Түркиядағы серіктесіміз Ескишехир Османгази университетінде өткен академиялық ұтқырлық бағдарламасы жайында қысқаша әңгімелеп берді.

Кеш соңында соңында мектеп басшылары мен сынып жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.

Түрксой кафедрасы атынан оқушыларды әкеліп, факультетті танытуға мүмкіндік берген мектеп директорлары мен оқушылармен бірге келген жауапты мұғалімдерге алғысымызды білдіреміз.

 

Құрманәлі А.

Кайранбаева Н.

Басылым күні :  19.02.2023