Ержан Беляев - «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауының жеңімпазы!

21.12.2023

Көрулер: 239

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультеті механика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Беляев Е.К. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған  дәстүрлі «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауының жеңімпазы атанды.

 

2023 жылғы «Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы байқауының қорытындысы бойынша отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының және ұйымдардың ғылыми бөлімшелерінің 50 қазақстандық ғалымы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК мөлшерінде куәлік пен сыйлыққа ие болады.

 

«Жаратылыстану ғылымдары» бағыты бойынша жеңімпаздар қатарында механика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Ержан Келесович Беляев бар.

 

Естеріңізге сала кетейік, сыйлық «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес құрылған және ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды қолдауға және көтермелеуге бағытталған. Байқауға барлығы 7 бағыт бойынша 307 өтінім түскен: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары» және «Әскери ғылымдар және Ұлттық қауіпсіздік».

 

Ғылыми жетістіктерді бағалаудың негізгі критерийлері болып, ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағының болуы, таңдалған ғылыми бағыт бойынша беделді халықаралық және қазақстандық рецензияланатын журналдарда, оның ішінде жетекші шетелдік ғалымдармен, атап айтқанда Scopus журналдарында бірлесіп жазған мақалаларының болуы, сондай-ақ философия докторы (PhD) немесе тиісті саладағы докторы дәрежесін алған кадрларды дайындау болып табылады.

 

Е.К. Беляев «Континенттік климаттық жағдайларда фазалық ауысу материалдарын пайдалана отырып, күн жылу энергиясын каскадты сақтаудың тиімділігін зерттеу» ғылыми жобасының жетекшісі. Сонымен қатар ғалым Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетімен бірлескен зерттеулер жүргізеді. Ғалым - «Жылу сорғысының негізінде күн-жылу арқылы тұщыландыру қондырғысын әзірлеу» жобасын жүзеге асырушы.

 

Жеңімпаздар қатарына енген үздік ғылыми қызметкер Беляев Ержан Келесовичті табысты жетістіктерімен құттықтаймыз!