Қос жүлде құтты болсын, ҚазҰУ!

25.04.2022

Көрулер: 788

       Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттер арасындағы V республикалық пәндік олимпиада жоғары деңгейде өтті. Болашақ баспагер-редакторлардың кәсіби һәм шығармашылық білім-білігін арттыру мақсатында өткізілген олимпиадаға 8 құрама қатысып, бақ сынасты.

      

Сындарлы сайыстың ашылу салтанатында Әділқазылар алқасының төрағасы, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Сәрсенбіұлы мен Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлы дүбірлі додаға қатысушы студенттерге сәттілік тіледі.

       Сайысқа қатысқан студенттер төрт кезеңнен тұратын олимпиаданың шарттары бойынша сыннан өтті. Атап айтар болсақ, кітап жарнамасы Book-trailler түсіру, кітап мұқабасын әзірлеу, баспа ісінің негіздері пәнінен тест тапсыру және редакциялау.

       «Тұлпардан тұлпар озар жарысқанда» демекші, сайыс соңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының студенттерінен құралған «Күншығыс» құрамасы бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Сұңқар» құрамасы, ал үшінші орынды тағы да ҚазҰУ-дың «Книжные серферы» құрамасы иеленді.

 

       Бәйгеден оза шауып келген жеңімпаздарды «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабек, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиал басшысы Дәулеткерей Кәпұлы, «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейіт және тағы басқа қазылар алқасының мүшелері марапаттады.

       Қос жүлде құтты болсын, ҚазҰУ!

 

Ермахан Шайхыұлы