Жылы жүздесу

15.04.2022

Көрулер: 1080

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасында сәуірдің 14 күні аға оқытушылар Ермахан Шайхыұлы мен Назкен Жансерікқызының ұйымдастыруымен «Кітап ісі: кеше, бүгін, ертең» атты шеберлік сағаты өтті. Т. Қожакеев атындағы акт залында өткен жылы жүздесу барысында ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап платасының директоры Әділ Қойтанов жеке тәжірбиесімен бөлісіп, Кітап палатасының тарихы мен атқаратын қызметі туралы кеңінен әңгімеледі.

     

  Баспагер Әділ Қаженбайұлының айтқан ойлары мен пікірлері барша студенттер үшін пайдалы әрі маңызды болды. Атап өтсек, біз секілді болашақ кітап ісі мамандары үшін басты талаптарға тоқтала кетті. Кітаптың шығуы тікелей авторға ғана емес, редактор, корректор, дизайнер жұмыстарымен байланысты екенін түсіндірді. Қазіргі таңда әр кітаптың сапалы шығу үшін дәл осы мамандар қат, бірақ ат үсті қарайтын емес, нағыз өз ісіне мұқият ден қоя білетін деп мамандар деп баса айтты. Кітап дизайні оқырмандар үшін маңызды салаға айналғаны мәлім. Сондықтан жас дизайнерлердің қазірден арнайы тәжірибеден өтіп, еңбекке ден қоюлары қажет екенін ескертті. Сондай-ақ кітап шығарудағы түрлі түйткілді мәселелерге тоқталды. Сөз соңында қара шаңырақта білім алып жатқан студенттерді Кітап палатасынан тәжірибеден өтуге шақырды.

      

Кітаптың шығуы оңай деп жүрсеңіз, қатты қателесесіз. Әр кітап шықпас бұрын ISBN, УДК секілді штрих кодтармен басылады. Бұл штрих кодтар тек Кітап палатасы арқылы беріледі. Ал енді осы мекемедегі кітап қоры 1898 жылдан бері 5 миллионды құрайды екен. Тіпті Ұлттық кітапханада жоқ кітапты осы Кітап палатасынан табуға болады. Оның ерекшелігі де – осында.

       Кездесу барысында Әділ мырзаға болашақ жас мамандар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Ол әрбір сауалға түсінікті әрі толық жауап берді. Әділ Қаженбайұлының айтуынша, Кітап палатасы жаңа жоба-жоспарларды  дайындап жатқан секілді. Олардың қатарында қомақты жүлдесі бар байқаулар мен көрмелер өткізу сықылды шаралар бар. Мұндай шаралар жас мамандар мен студенттердің ынта-ықыласын оятатыны анық.

      

Тағылымға толы кездесу барысында Журналистика факультетінің деканы Сансызбай Шарапиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Әмірғалиқызы, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев, дизайнер Бейсен Серікбай, тағы басқалар сөз алып, ыстық лебіздерін білдірді.

       Кеш соңында Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазан оқу ордасы атынан Әділ Қаженбайұлына Әл-Фарабидің бейнесі кестеленген кілемше мен оның шығармалары топтастырылған жинақ тапсырды.

 

Аяулым Қорғанбай,

                                                                           Баспагерлік-редакторлық

                                                                           және дизайнерлік өнер

                                                                          кафедрасының 2 курс студенті