Ыдырысов оқулары ойдағыдай өтті

06.04.2022

Көрулер: 1208

     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен «Цифрландыру жағдайындағы баспа ісі мен дизайнның өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Шараға ғалым-ұстаздың қызы Құралай Әбілфайызқызы қатысты. Жиынға келген қонақтар алдымен Журналистика фойесіне қойылған той иесінің шығармашылығы мен өміріне арналған кітап һәм фото көрмелерімен танысты.


       Қазақ баспасөзі безендіру ісінің негізін қалаған ғалым, ұстаз, жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Әбілфайыз Ыдырысов оқуы аясында өткен ғылыми шараны Журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев ашып, жүргізіп отырды.

     Негізгі баяндаманы филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Хамзин жасады. Конференция барысында филология ғылымдарының докторы, профессорлар Намазәлі Омашев, Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Дәмегүл Баялиева, Сағатбек Медеубекұлы, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев, «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы Гүлнар Тәжиева, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепбергендер сөз алып, көрнекті ғалым-ұстаздың өнегелі өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен әңгімеледі.

     Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Әбілфайыз Ыдырысовтың дәстүрлі оқулары шеңберінде студенттер мен жас ғалымдардың үздік ғылыми һәм шығармашылық жұмыстарына байқау жарияланған болатын. Байқаудың мақсаты – қазақ руханиятының дамуына ерекше үлес қосқан Әбілфайыз Ыдырысовтың шығармашылығын тереңінен зерттеу, саралау һәм бағалау.

     Сындарлы сайыстың қорытындысында Үздік ғылыми жұмыс, Үздік баспасөз материалы, Үздік мультимедиялық жоба, Үздік ғаламтор жарияланымы, Дизайн өнерінің үздік туындысы аталымдары бойынша бірінші орынды Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 3 курс студенті Жібек Құдайбергенова, осы кафедраның 2 курс студенті Ерасыл Сайлауғалиев, 1 курс магистранты Ақтолқын Бересова, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 курс студенті Аружан Амангелді, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 3 курс студенті Айзада Сатыпалды қанжығаларына байласа, екінші орынды Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2 курс студенті Динара Боранбай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 1 курс магистранты Алмабек Ыбрайымов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 2 курс студенті Сұлтан Бағдат, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2 курс студенті Аяулым Қорғанбай, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 курс студенті Малика Қайрат иеленді.

 

Ермахан Шайхыұлы