Қаламы қарымды қаламгер

31.01.2022

Көрулер: 1429

   Темірғали Көпбаев – арқалы ақын, жампоз журналист-жазушы, зейінді де зерделі зерттеуші, ұлағатты ұстаз, білімді де білікті баспагер, елімізге белгілі қоғам қайраткері. Қаламы қарымды қаламгердің ғұмырнамалық һәм шығармашылық жолы кейіпкеріміздің жоғарыда біз айтқан қырларын қолдап-қуаттай түседі.

       Темірғали Мұратбекұлы 1962 жылы 7 ақпанда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданына қарасты Аққұм ауылында туған. 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, 2005 жылы Орта Азия университетінің заң факультетін тамамдаған. 1998 жылы ҚазҰУ-дегі диссертациялық кеңесте «10.01.10 – Журналистика» шифры бойынша кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

Жас талант баспасөз саласындағы журналистік-публицистік қызметін 1985 жылы республикалық «Қазақстан пионері» газетінің тілшісі ретінде бастап, 1986-1990 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби аудандық «Төлеби туы» газетінде мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1990-1992 жылдар аралығында Алматыдағы «Қазақ университеті» баспасында жетекші редактор, 1992-1994 жылдары республикалық «Жас қазақ» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыройлы атқарды.

       Қаламы қарымды қаламгер 1994 жылдың басында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті басшылығының арнайы шақыруымен радиожурналистика кафедрасының аға оқытушы боп орналасып, кейін осы кафедраның меңгерушісі қызметін атқарады. Алғашқы адымынан бастап, қазақ радиосы әдеби-драмалық хабарларының тарихы мен тәжірибесін терең зерттеп, 1998 жылы «Қазақ радиодраматургиясының табиғаты мен ұлттық сипаты» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғалым-ұстаздың бұл ғылыми еңбегі 2007 жылы «Қазақ радиодраматургиясы» деген атпен жарық көрді.     

       Ұлағатты ұстаз 1999 жылы тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетінде профессорлық тағлымдамадан өтеді. Сол жылдың сәуір айында Лас Вегас қаласында өткен NAB-тың (Хабар тарату жөніндегі ұлттық ассоциация) халықаралық конференциясына қатысады.

       Темірғали Көпбаев – 2001 жылдан бастап «Қазығұрт» баспасының президенті. «Қазығұрт» баспасының мақсаты – қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің көп томдықтарын жарыққа шығару. Осы бағытта «Қазығұрт» баспасы көптеген игі де ізгілікті істер атқарып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Елімізге белгілі ақын-жазушылардың туындыларын «Көп томдықтар», «Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері», «Президент сыйлығының иегерлері», «Ұстаздар кітапханасы», «Тәуелсіздік толғаулары» серияларымен тасқа басты. Атап айтар болсақ, Ж.Жабаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Т.Рысқұлов, С.Мұқанов, Х.Ерғалиев, Д.Әбілев, Н.Байғанин, С.Қирабаев, Р.Бердібай, М.Әлімбай, Ә.Нұршайықов, Ғ.Қайырбеков, Т.Әбдірахманқызы, Ғ.Орманов, Ә.Нұрпейісов, М.Мырзахметұлы, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, Ж.Нәжімеденов, М.Айтхожа, А.Сүлейменов, О.Әубәкіров, С.Жүнісов, Қ.Мырза Әли, Т.Молдағалиев, Ш.Мұртаза, Қ.Жұмаділов, К.Смайылов, А.Әшімұлы, И.Сапарбай, Ұ.Есдәулет, М.Байғұт тағы басқалардың көп томдықтары жарыққа шықты.

       «Қазығұрт» баспасы Германия, Ресей, Түркіменстан және Алматыда өткен кітап жәрмеңкелеріне қатысып, Мәдениет министрлігінің арнаулы дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ «Жылдың ең үздік кітабы» республикалық байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды.

      Темірғали Мұратбекұлы – «Көзмоншақ» (1998), «Жаңғырық» (2007), «Кие» (2009), «Оңтүстік» (2009), «Аңсар» (2012), «Қарапайым пайымдар» (2012), «Аққұмда оянған арман» (2019), «Даналық тәпсірі» (2019), «Жылдар жылжып барады» (2019), «Сабан ақша» (2022) және «Қазақ радиодраматургиясы» (2007) атты кітаптар мен ғылыми еңбектердің, сондай-ақ 2 томдық шығармалар жинағының авторы. Ақиық ақынның өлеңдері бірнеше поэзиялық антологияларға енді.

        Темірғали Көпбаев – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Төлеби ауданының құрметті азаматы. «Халықаралық ақпараттандыру академиясының» академигі.

       «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін», «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін», «Қадыр Мырза Әли», «Қожаберген жырау», «Михаил Шолохов», «Қазақ журналистикасының қайраткері», «Қазақстан Халқы Ассамблеясына 25 жыл» медальдарының иегері.

 

       Осы жылдың 7 ақпаны күні 15.00-де Әл-Фараби кітапханасында Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен ақын, ғалым, баспагер, ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі Көпбаев Темірғали Мұратбекұлының туғанына 60 жыл толуына арналған «Баспагерлік-редакторлық шеберлік және кітап шығару ісінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция онлайн және офлайн форматта өтеді. Келем деушілерге есік ашық.

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ