Жастар бағдарламаларының эволюциясы

22.12.2021

Көрулер: 1220

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық форумы барысында Қазақстан жастарына арнап сөйлеген бір сөзінде: «Жастар – қоғамның ең белсенді және ұтқыр бөлігі. Қазақстандағы өскелең ұрпаққа ерекше үміт артады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастарды жан-жақты қолдау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Осы 30 жыл ішінде біз Отан тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын жаңа формацияны тәрбиелей алдық. Олар жігерлі және білімді, физикалық және кәсіби дайын, мобильді, біздің заманның өзгермелі әлеуметтік-экономикалық жағдайларына көбірек бейімделген», – деген болатын.

Мемлекеттің салиқалы жастар саясатының арқасында көптеген қазақстандық жастар өмірден өз жолдарын тауып, үлкен өмірлік тәжірибе алды. Қазақстан Тәуелсіздігінің мейрамы қарсаңында осы 30 жыл ішінде елімізде озық ойлы, білімді жастардың тұтас бір буыны қалыптасып, өсіп-өнгенін айта кету керек.

Кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі адами капиталдың сапасымен өлшенеді. Өйткені, ақылды, парасатты, білімді де білікті жастары бар мемлекеттің қашанда мүмкіндіктері зор. Осыған орай, мемлекет тарапынан әлеуметтік лифттердің кең алаңын құруға, оның ішінде жастардың барлық санаттарын қолдау шараларына үлкен күш жұмсалуда. Бірқатар жастар бағдарламалары – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Серпін» бағдарламасы, «Дипломмен ауылға» жобасы, «Жастар тәжірибесі» жобасы, «Жасыл ел» жобасы және т.б. жастарды қолдауды, жастарға мүмкіндік жасаудың бір шарттары деп айтуға болады.

Таланттарды іздеу

Мәселен, «Дарын» жастар сыйлығы ҚР Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 11 тамыздағы қаулысымен дарынды жастарды жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалған болатын. Ол әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, сахна өнері, халық шығармашылығы сияқты әртүрлі салалардан он номинация бойынша беріледі.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жастар бағдарламаларының жүзеге асу барысы туралы:

– Қазақстан тәуелсіздігінің таңы атқан шағында құрылған «Дарын» жастар сыйлығы жас азаматтар үшін елеулі әлеуметтік баспалдақ болды. Бұл сыйлық арқылы біз көптеген өнер иелерін, сонымен қатар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін кездестірдік.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Нұрлан Өнербаев, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Илья Ильин, Ольга Шишигина, Денис Тен, Қыдырәлі Болманов, Димаш Құдайбергенов, Muz ART, «Бәйтерек», «Жігіттер» тобы, Әли Оқапов, Қайрат Нұртас және т.б. сыйлықтың лауреаты атанды. «Дарын» жастар сыйлығы бүгінде де өзектілігін жойған жоқ.

30 жылда еліміздің 296-дан астам дарынды жастары сыйлықтың лауреаты атанды. Марапатқа 29 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары өтініш бере алады. Олар халықаралық және республикалық байқаулардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болуы немесе белгілі бір саланың дамуына ықпал ететін инновациялық қызметті жүзеге асыруы тиіс. Демек, жоғарыда айтып өткен 300-ге жуық азамат осындай үлкен жетістіктерді игерген деген сөз. Еліміздің атын халықаралық, әлемдік деңгейге дарынды жастар шығарып жүр. Тәуелсіздік жылдарында сыйлықтың мөлшері үш есеге ұлғайып, әр номинация бойынша 600 мың теңгені құрайды.

Кадрларды бөлу

2014 жылдан бастап Қазақстанда «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба «Дипломмен ауылға» жобасымен қатар «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының бірінші съезінде ұсынылған болатын. Оның мақсаты – еңбек ресурстары жетіспейтін Қазақстанның шығыс, солтүстігі және батысына еліміздің оңтүстік өңірінің (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарын оқытып, жұмысқа орналастыру. Яғни, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін. Бағдарламаны іске асыру барысында республикалық бюджет қаражаты есебінен техникалық және кәсіптік білімі бар 5205 орынға және жоғары білімі бар 23 мың орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Сонымен қатар бағдарлама аясында әкімдіктер де түлектерді жұмысқа орналастыру шараларын қабылдап жатыр. Зерттелетін аймақта бағдарламаға қатысушылар үшін еңбекті өтеу нормасы бар. Бағдарламаға қатысушыларға оқу ақысын төлеу, бір жолғы ыстық тамақ, шәкіртақы және жол жүру тарапынан мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Ауылдағы жастар

Ал «Дипломмен ауылға» жобасына келсек, 2009 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан ұтымды бастамалардың бірі деуге келеді. Негізгі мақсаты – ауылдық елді-мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы білімді, дипломы бар мамандарды ынталандыру және орнықтыру. Осы жоба аясында 100 АЕК немесе 252 500 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төлеу түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Әлеуметтік қолдау шараларына 1500 АЕК (3 787 500 теңгеден) аспайтын сомада тұрғын үй алуға бюджеттік несие де кіреді. Жоба қолға алынған уақыттан бастап, 2020 жылға дейін 77 мыңнан астам маман 11,5 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алған екен. 36 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алуға 105,3 млрд теңгеге бюджеттік несие алды. Осылайша, ауылға жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарды ынталандыру және орнықтыру жобасының негізгі міндеті бүгінгі таңда сәтті жүзеге асырылуда.

Жұмысқа орналасу

Ал 2009 жылы «Жастар тәжірибесі» жобасы іске қосылды. Оның мақсаты – түлектердің өз мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуына көмектесу. Жобаны алты айға дейін жұмыспен қамту орталықтары жүзеге асырып отырады. Бұл тәжірибе оқуын бітірген жұмыссыз түлектер үшін арнайы әзірленген. Тәжірибеге 29 жастан аспаған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Айта кетерлігі, 2021 жылдың басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында оқу бітіргеннен кейін еңбек өтілі жоқ 16 мың жас буын өкілдері «жастар тәжірибесіне» жіберілді. Қоғамдық жұмыстарға 110 мыңнан астам біліктілігі төмен адам тартылған. 16 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасса, 14 мың жұмыссыз азамат қысқа мерзімді оқуға жіберілді. Еуропа мен Латын Америкасы елдерінде де осындай жобалар жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Жас мамандардың қалыптасу кезеңі негізінен оңайға соқпайды, қиын кезеңде мемлекет тарапынан қосымша ынталандыру шаралары маңызды қолдауға айналуы мүмкін. Сонымен қатар бұл бағдарламаны жүзеге асыру кадрларды іріктеу мәселесінде бизнес саласына да көмек көрсетеді.

Еңбек және экология

2005 жылы қолға алынған «Жасыл ел» жобасы жастар үшін маңызды бастамаға айналды. Оның аясында мектеп оқушылары мен студенттер демалыс кезінде өздері оқып, тұратын ауылды абаттандыруға қатыса алады. Жобаның тұжырымдамасы жас ұрпақты отансүйгіштік пен еңбекті құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ жастардың экологиялық мәдениеті мен өз еліне игілікке деген ұмтылысын қалыптастыру идеясына негізделген. Жалпы, 2005 жылдан бүгінгі күнге дейін «Жасыл ел» жалпыұлттық бастамасына 366 мыңнан астам жас буын қатысқан. Ауданның 214 мың гектардан астамы өңделіп, 44 миллионнан астам ағаш отырғызылған екен.

Білім мен ғылым

Бүгінгі таңда жастардың ғылымға, оқу мен білімге деген құштарлығы артып келеді десек, қателеспейміз. Түрлі ғылыми жобалардың, жарыстардың, конференция мен семинардың басы-қасында жүрген жас мамандар мен ғалымдар саны жетерлік. Бұл орайда мемлекеттің жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру мен конкурстық орындарын атай кеткен жөн. Бір жылдың өзінде ғана бірнеше қайталана ұйымдастырылатын проектілерге жүздеген, мыңдаған 40 жасқа дейінгі ғалымдар, докторлар, докторанттар мен магистранттар қатысуда.

Білімге келетін болсақ, жыл сайын магистранттар мен докторанттардың оқуына бөлінетін мемлекеттік грант саны ғана өсіп қоймай, ай сайынғы шәкіртақыларына да көп көңіл бөлінген. Мұндай мүмкіндіктердің барлығы жастардың оқуын жақсы оқып, зерттеулерін жасауына арналған.

Одан бөлек 2000 жылдардың басынан елімізде танымал «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жас өскелеңнің саны да азаймақ емес. Егер бұрын тек бакалавриат, магистратура немесе докторантура деңгейінде оқуға болса, қазіргі таңда бірнеше айлық, бір жылдық іс-сапарлар мен зерттеу жұмыстарына жолдама алуға болады.

Қорытындылай келе, қазіргі жастар креативті, жан-жақты ізденіп, өз құқығын біліп, өзіндік пікір білдіре алады деп ойлаймыз. Өзінің инновациялық жобаларымен халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жобаларын жариялап жатқан, шетелді бағындырып жатқан жастар да жетерлік. Көшбасшы болуға талпыну арқылы бәсекеге қабілетті, шынайы өмірге бейім жас буынды қалыптастыру мемлекет үшін де міндет деуге болады.

 

Арайлым ДИХАНБАЙ,

«Медиадизайн» мамандығының 1 курс магистранты,

 

Назерке ТЛЕУБАЕВА,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы, магистр