«Тәуелсіздігім – тірегім, мәңгілігіңді тіледім!»

14.12.2021

Көрулер: 1772

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәл осындай тақырыппен республикалық көрме өтті. Журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы ұйымдастырған аталмыш шараға студенттер мен магистранттар қатысты.

Көрменің мақсаты – тәуелсіз еліміздің отыз жыл ішінде фотосуреттерде мәңгілікке қалған және шығармашылық плакаттар арқылы берілген мемлекеттік, қоғамдық, саяси, мәдени-рухани маңызы бар оқиғалар мен сәттерді жұртшылық назарына ұсыну, қазіргі дизайнер саласы өкілдерінің көзқарастарын жеткізу, жас ұрпақ бойында патриоттық сезімді ояту.

Шығармашылық көрмеде тәуелсіздік тақырыбында жазылған мақалалар сараланып, жастардың кәсіби қарым-қабілетіне баға беріліп өтті. Еліміздің ең ірі кітапханаларының бірі саналатын Әл-Фараби ғылыми кітапханасында өткен республика деңгейіндегі көрмеге осы саланың беделді ғалымдары да қатысып, өздерінің ғылыми және шығармашылық көзқарастарымен бөлісті.

Көрменің ашылу салтанатының алғы сөзін филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Шарапиұлы құттықтау сөз сөйлеп, көрменің мәні мен мазмұнын айшықтап өтті.

Шараға педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мәдениет саласының қайраткері, Қазақстан Дизайнерлер және Суретшілер одағының мүшесі, Евразия Дизайнерлер одағының төрағасы Ермек Сабырұлы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Дизайнерлер одағының төрағасы Қамбар Сапашұлы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Марлан Нысанбаев, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Кітап графикасының ардагері Табылды Мұқатов, Қазақстан Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, «Балалар әдебиеті» баспасының директоры Шайзада Мұхамеджанқызы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, Кітап графикасының ардагері Александр Қабдыкәрімұлы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Кітап графикасының ардагері Бейсебек Әтибекұлы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағы плакат секциясының басшысы Сағи Қалекесұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Евразия Дизайнерлер одағының мүшесі Құрманғазы Оразұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Әмірғалиқызы қатысып, өз пікірлері мен лебіздерін білдірді, көркемтуындылардың ұрпақ бойында патриотизмның оянуына әрі жастарды эстетикалық, рухани байыта түсетіндігін ерекше атап өтті.

Ел тәуелсіздігі мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылып отырған осы көрмеде суретшілердің кескіндеме, графика және плакат жанрындағы әртүрлі техникамен орындалған туындылары экспозицияланды. Заманауи өнер шеберлері өз шығармашылығында Қазақстанның тарихын, мәдениеті мен табиғатын таныстырды. Одан бөлек, қоғамдағы өзекті тақырыптарға, атап айтқанда, әлеуметтегі баланың рөлі, ковид, денсаулық тақырыптары да қамтылған. Шара барысында көрмеге атсалысқан №81 мектеп-гимназия оқушылары марапатталды, бұл болашақ суретшілер үшін ынталандырудың бір үлгісі іспеттес болды, қонақтар өзара пікір алмасып, алғыстарын білдірді. Алайда қонақтардың бірі айтқандай, «суретшілердің өзі сөйлемесе де, суреттері сөйлейді», әр көрерменнің өз интерпретациясы, өз түйгені болады. Сондықтан көрмеден алған әсері де зор болғаны сөзсіз.

 

Арайлым Диханбай