ӘЛ-ФАРАБИ әлеміндегі сөз өнерінің бәйгесі

13.12.2021

Көрулер: 1934

   Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспасөз және электронды БАҚ және профессор Марат Барманқұлов атындағы «ТЕЛЕЗЕРТХАНА» ғылыми-өндірістік үйірмесінің ұйымдастыруымен өтетін «СӨЙЛЕ, ҚАЗАҚСТАН!» болашақ  телерадиосөзгерлердің  дәстүрлі төртінші байқауы Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Қазақ» радиосының 100 жылдығына арналды. «ТӘУЕЛСІЗДІК ТӘЛІМІ», «ҒАСЫР ҮНІНІҢ ҒИБРАТЫ», «ТЕЛЕШЕЖІРЕ» «СӨЙЛЕ, ҚАЗАҚСТАН!» аталымдары бойынша оқулық телевизия аясындағы 8 салалық арна сайысқа түсті.
   Байқау 11.12.2021  күні журналистика факультетіндегі Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы аудиторияда өтті. Теорияны тәжірибеге ұштастырып, байқауды бәсекеге ұластырған «Сөйле, Қазақстан!» байқауының түпкі мақсаты – болашақ телерадиожурналистерді салалық журналистиканы дамытуға баулу және кәсіби бәсекеге қабілеттілікке үйрету. Сондықтан да Телерадиожурналистика пәнінен дәріс алатын 2-курс студенттері ақпараттық «Ақпарат.KZ», медициналық «ДЕНСАУЛЫҚ ТВ», экологиялық «ҒАЛАМШАР ТВ», туристік «САЯХАТ NEWS», заңнамалық «ЗАҢ ТВ», аспаздық «АДАЛ АС», мәдени-ағартушылық «МӘДЕНИЕТ» және «ЖАС ДӘУРЕН» жастар арнасына бөлініп, семестр бойы саналуан жанрлар мен пішіндер бойынша туындылар әзірлеп машықтанды. Аталмыш байқау білімгерлер үшін алған білімнің нәтижесі мен деңгейін көрсететін тәжірибе алаңы мен кәсіби додаға айналды. Биылғы «Сөйле, Қазақстан!» байқауының бас жүлдесін барлық аталымдар бойынша үздік көрсеткіш танытқан «Заң TV», 1-орынды «Мәдениет» арнасы, 2-орынды «Ғаламшар TV», 3-орынды «Адал ас» арнасы жеңіп алды.  «Ең үздік эссе» аталымын «Жас дәурен» жастар арнасы, «Ең үздік бейнеролик» аталымын «Ақпарат KZ», «Ең үздік телесюжет» аталымын  «Саяхат news» арнасы, «Ең үздік радиосюжет» аталымын «Денсаулық TV» арнасы иеленді.  

   Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы РОӘК оқу-әдістемелік бірлестігінің ғалым хатшысы Ақмарал Сәлімжанқызы арнайы келіп қатысып, жеңімпаздарға ғұлама ғалым Әл-Фарабидің таңғажайып туындыларын тарту етті.

  Байқау аталымдарының талаптарын орындау нәтижесінде студенттер Совет Мазғұтов, Марат Барманқұлов, Нұртілеу Иманғалиұлы, Бейсен Құранбек сынды телетұлғалардың портреттік очеркін әзірлеп, «Қазақ» радиосы мен «Шалқар» радиосы, «Алтын қор» үнмұрағаты жайлы радиохабар дайындап,  «Сөйле, Қазақстан!» жобасына бейнеролик жасап, «Тәуелсіздік тәлімі» тақырыбына эссе жазып, кәсіби шыңдалу белесінен өтіп, рухани ғибрат алды. «Сөйле, Қазақстан!» байқауында жеңіске жеткен болашақ телерадиосөзгерлерге келешекте шығармашылық табыс тілейміз.

    Ал «Әл-Фараби» әлеміндегі сөз өнерінің бәйгесі уақыт көшіне ілесіп, жалғасын таба бермек.

 

Жидегүл ӘБДІЖӘДІЛҚЫЗЫ,

Баспасөз және электронды

БАҚ кафедрасының доценті,

жоба авторы