«QAZAQ RADIOSY» АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ

13.12.2021

Көрулер: 1728

   Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ радиосының 100 жылдығына орай «ҚАЗАҚ РАДИОСЫ» ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ: ТАРИХЫ, ДАМУЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ» атты шеберлік сыныбының апталығы өтті. Апталық барысында Қазақ радиосының тарихынан сыр шертетін «Қазақтың рухани тірегі – Қазақ радиосы», «Ұлттың үкілі үні» атты кітап көрмесі мен фотокөрме таныстырылымы өтті. Ал шеберлік сыныбын «Қазақ радиосының» журналистері мен Қазақ радиосында қызмет еткен, радио туралы ғылыми еңбектер жазған, Журналистика факультетінің ұстаздары жүргізді.

  Апталықтың алғашқы күнін Мәдениет саласының үздігі, жүргізуші-редактор Нәлібай Гүлмира Әділханқызы өткізді. «Тікелей эфирдегі музыкалық бағдарламаның мазмұны мен көркемдік сапасы» тақырыбында өткен шеберлік сағатында, Гүлмира Әділханқызы, болашақ журналистерге радиохабарларының пәрменділігін арттырудағы музыканың ықпалы, тікелей эфирдің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.  

   «Радио эфиріндегі тұлғалар болмысы, портреттік хабар жасау тәсілдері және жаңалықтар дайындау» тақырыбында шеберлік сағатын өткізген журналист, Ақпарат саласының үздігі Жанар Оразымбет: «Тұлғалар портретін ашу – оның өмірбаяны мен қызмет жолын баяндап өту жеткіліксіз әрі ондай бір сарынды хабарлар тыңдарманға да қызықсыз болады. Кейіпкеріңмен сұхбаттаса отырып, оның мінезін аша білу де журналистің шеберлігіне жатады. Ал тұлғаның біз білмейтін қырларын ашу, оны өз дауысымен жеткізу арқылы жақсы дүние дайындай аламыз», деді.

    Ұлы даланың үніне айналған «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосы ұлттық руханияттың, қазақ өнері мен мәдениетінің шаңырағы. Аптаның үшінші күні, шеберлік сағатын өткізген «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген, тәулік бойы халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, мәдениеті жайында хабар тарататын радионың тыныс-тіршілігіне тоқталды. Студенттер «Алтын қордан» Мұстафа Шоқай мен Мұқағали Мақатаевтың дауысын тыңдады. Студент-жастарға Мұстафа Шоқайдың: «Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-бірлеріңе күш қосуларың, еліміздің басына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар. Бәріміздің құбыламыз, өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз – Түркістан болмақ. Түркістан үшін – өлу, Түркістан үшін – жан беру, бәрімізге бір мақсат. Мұны ұмытпау керек. Түрік халқы батыр халық. Түрік халқы арыстан ер халық», деген жалынды сөздері ерекше әсер етті, рух берді.

   Радиодағы үн тазалағы мен балалар хабарын дайындаудың да өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жайында журналист Гүлбағыш Бостан, студент-жастардың бойындағы журналистік қабілетті дамыту жөнінде тәжірибелік кеңестер айтты. Балалар хабарын дайындайтын редактор-жүргізушінің бойындағы ерекше қасиеттерге тоқталды.  

  Апталықты қорытындылаған жүргізуші-редактор Құралов Оңғар Тәжіқұлұлы – Эфирдегі сөйлеу мәдениеті, тіл тазалығы туралы, «Алтын қор» хабарларының құндылығы жайында салмақты пікірлер, тұщымды ойлар айтты. Тіл тазалығына байланысты ғалым Рабиға Сыздықованың, ақын Оразақын Асқардың жазбаларын тыңдатты.

  Апталық барысында шеберлік сағаттарын өткізіп, ат салысқан ұстаздарымыз – профессор Клара Қабылғазина «Дәуір үні», доцент Әбдіжәділқызы Жидегүл «Қазақ радиосындағы Тәуелсіздік шежіресі», PhD докторы Зарина Қайратқызы «Подкаст бастауға қажетті базалық құралдар» жайында дәріс оқыды.  Осылайша, Ұлттың үкілі үні – Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған апталық өз мәресіне жетті. Бір апта бойы Журналистика факультетінің студенттері «Қазақ радиосының» арғы-бергі тарихынан мол мағлұмат алып, тәжірибе жинады.

   Апталықтың жабылу салтанатында, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі – Властимил Самек қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мадиев, алдағы уақытта да факультет пен Қазақ радиосы арасындағы ынтымақтастық, өзара тәжірибе алмасу жалғаса беретінін айтып, шеберлік сағатын өткізген журналистерге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің кәдесыйларын табыс етті.