Қожакеевтің құнды қазынасы

25.10.2021

Көрулер: 1247

Қазақ сатирасының өсіп-өркендеп, терең тамыр жаюына зор үлес қосқан ғалым-ұстаздардың бірі де бірегейі – Темірбек Қожакеұлы! Ол – қазақ сатирасын егжей-тегжейлі зерттеп, сатиралық жанрлар жүйесін жете зерделеген һәм теориялық жағынан негіздеген ғалым. Бұған дейін қазақ әдебиеттану ғылымында сатира мен юморды терең зерттеп, талдаған ғалым болған жоқ. Оның қаламынан туған ондаған оқулықтар мен монографиялар және жүздеген ғылыми еңбектерді жинақтап, тасқа басса, Қазақ сатирасының энциклопедиясы секілді толымды дүние әрі болашақ оқырмандар мен жас зерттеушілер үшін аса құнды ғылыми еңбек болары хақ.

Темірбек Қожакеев 1926 жылы 17 желтоқсанда Жамбыл облысы Mepкi ауданына қарасты Ойтал ауылында дүние есігін ашқан. 1947-1948 жылдары Мерке аудандық комсомол комитетінің бөлім мeңгepyшici болып істейді. 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін тамамдайды. Сол жылдан бастап, 1972 жылға дейін өзі білім алған қара шаңырақтағы журналистика факультетінің оқытушысы, аға оқытушысы және доценті болып қызмет етеді. Ал 1972-1986 жылдар аралығында аталған жоғары оқу орны журна­листика факультетінің деканы болып абыройлы қызмет атқарады.

Филология ғылымының докторы, профессор, академик Зейнолла Қабдолов өзінің «Мықшеге» деген мақаласында:

– Қазақ университетінің филология, журналистика факультеттерінде қырқыншы, елуінші жылдарда оқыған адамдар – эстетикалық ілім жағынан өз қатарларының маңдай алдында оқ бойы озық тұратын мамандар. Неге десеңіз, олар – әдеби білім жағынан Әуезов мектебінен шыққан адамдар.

«Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз», –

деп Абай айтқандай, ғажайып ғұламаны көзбен көріп, оның алдынан дәріс алу – сенің оған ұқсай түсуіңе, оның әсерімен пісіп-жетілуіңе кепіл. Дәл осы ұлы мектепте пісіп-жетілген менің талантты достарымның бірі – Темірбек Қожакеев, – дей келе, ойын әрі қарай жалғастырып, – Темірбек бала күнінен қатал тәртіпке тәрбиеленген. Тәртіп бар жерде – еңбек бар. Темірбек адам атаулыны шын мәніндегі Адам ететін, ақ, адал еңбекке тәрбиеленген. Оның қол қусыратын кезі сирек шығар, әрқашан еңбек, еңбек, тек қана еңбек: іс-әрекет, қимыл-қарекет! Ол Абай сөзін Құран сөзіндей көрген:

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап».

Осыны өз өмірінің заңына айналдырған адам – күшті адам, мықты адам. Темірбек те сондай, – деп ой түйеді.

Бұл – Темірбек Қожакеевке берілген дәл де әділ баға! Расында, ол өзінің саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен журналистикасының һәм сатирасының дамуына арнады. Осы мақалада аталған үш салаға қосқан ғылыми еңбектері туралы айтатын боламыз.

Ең алдымен оның қазақ сатирасы туралы сүбелі еңбектерін атап өткен абзал. Ол – «Фельетон мәселелері» (1962), «Қазіргі қазақ сатирасы (1966), «Қазақ сатирасы» (1970), «Абай – сатирик» (1970), «ХХ ғасыр басындағы қазақ сатирасы» (1974), «Қазақ совет сатириктері» (1975), «Сатира және дәуір» (1976), «Бүгінгі қазақ сатирасының проблемалары» (1978), «Адам. Қоғам. Сатира» (1980), «Сатиралық жанрлар» (1983), «Сатира – күштілер қаруы» (1985), «Сатира негіздері» (1996), «Сара сөздің сардарлары» (1988), «Шалқу сөздер мен шаншу сөздер»,  «Ескі жылдың есебі», «Өзіңді таны» (2003) сынды оқулықтар мен монографиялардың және сатиралық жинақтардың авторы. Ғалым бұл еңбектерінде сатираның пайда болу, қалыптасу және даму заңдылықтарын сараптай отырып, толғамды ой-пікірлері мен парасатты пайымдарын ғылыми негізде дәлелдейді. Сатираның поэзиялық һәм прозалық жанрларының сапалық белгі-қасиеттері туралы нақты тұжырым жасайды.

Осы сатира саласындағы ерен еңбегіне орай, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллин: «Т.Қожакеев көп жылдардан бері қазақ сатирасының тарихын зерттеп келеді. Осы проблема бойынша автордың ұзақ жылдардағы еңбегінің қорытындысы ретінде екі бөлімнен тұратын «Қазақ сатирасы» атты монографиялық зерттеу туды. Егер Қазақстан әдебиетшілерінің әдебиет жанрлары тарихын тереңдеп, зерттеп білуге әлі шындап кіріспегенін ескерсек, Қожакеев жолдастың бұл еңбегін ерекше ғылыми зерттеу ғана емес, әрі әдебиет жанрлары бойынша үлкен монографиялық еңбектердің басы деп мойындауымыз қажет» деп пікір білдірген болатын. Бұл – ғұлама ғалымның әріптесіне берген зор бағасы!

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Темірбек Қожакеұлы – өз кезегінде сындарлы сын да жазған ғалым. Ол Есмағамбет Ысмайыловтың «Сын мен шығарма», «Ақын және революция», Бейсенбай Кенжебаевтың «Шындық және шеберлік», «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері», «Асау жүрек», Белгібай Шалабаевтың «Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы», Ханғали Сүйіншәлиевтің «VIII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті», «Ізденіс іздері», Жүсіпбек Алтайбаевтың «Нақ, нақ», Садықбек Адамбековтың «Атылған қыз туралы аңыз», сондай-ақ Темірғали Нұртазиннің «Мұрат» сынды түрлі жанрда жазылған шығармалар мен ғылыми еңбектеріне шынайы сын жазып, парасатты пайымын білдірген.

Ғалым-ұстаз Кеңестік кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлері мен қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің өмірі һәм шығармашылығы туралы ғылыми еңбектер жазды. Атап айтар болсақ, олар – «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары» тағы басқа құнды дүниелер. Осы еңбектерінде А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, О. Жандосов, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Қожанов, М. Сералин, Т. Рысқұлов, Б. Сүлеев, Қ. Кемеңгеров, Н. Төреқұлов, Б. Сыртанов, К. Тоқтабаев, Ы. Жайнақов, Ғ. Тоғжанов, М. Жолдыбаев, Ш. Тоқжігітов, Е. Алдоңғаров секілді Алты Алаш азаматтарын тірілтіп, олардың әдеби мұраларын ғылыми айналымға енгізді. Сөйтіп, ұлы ұстаз ұлылардың ұлағатын ұрпағына жеткізді.

Темірбек Қожакеұлының қазақ баспасөзінің зерттеушісі ретінде жазған еңбектері де бір төбе. Мәселен, «Газет жанрлары», «Қазіргі қазақ баспасөзінің тарихынан», «Жас тілшілер серігі», «Қым-қуыт іздер» атты сүбелі еңбектері – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. Ғалым-ұстаз бұл оқулықтарға енген зерттеу еңбектерінде қазақ басылымдарының тарихы мен журналистерінің әдеби һәм публицистикалық мұраларын терең талдап, таразылап, ғылыми бағасын беріп, тасқа басты. Сондай-ақ сол кездегі қазақ баспасөзінің көкейтесті мәселелерін қозғап, газет жанрлары туралы кеңінен түсінік береді. Бұл еңбектер – жас журналистер мен ізденушілер үшін таптырмайтын оқу құралы! Ұлттық журналистиканың шежіресін шертетін құнды қазына! Қожакеевтің қолтаңбасы!

 «Үркіншілік» деген жинағы повестер мен әңгімелерден тұрады. «Үркіншілік» повесі – Меркі өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілісіне арналған деректі шығарма. Бұл туындысында автор Ақкөз батырдың патша үкіметіне қарсы көтерілісті қалай ұйымдастырғаны жөнінде нақты оқиғаларды тарихи деректерге сүйене отырып суреттейді. Сөйтіп, тарихи шындық пен көркемдік шындықты шебер үйлестіреді. Бұл шығарма – қарымды қаламгердің жазушылық қырын білдіреді әрі терең тарихшы екенін танытады.

Сондай-ақ Темірбек Қожакеұлы аударма саласымен де айналысқан. Кезінде ол Н. Кальманның «Джимлифтер» және «Қызыл башлақ», С. Шевцовтың «Тынымсыз балалар», Е. Ильинаның «Дуал мен шуыл» атты балаларға арналған шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Бұл туындылар 1954-1955 жылдары «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған. Сатира сардарының бұл аудармашылық қырын екінің бірі біле бермейді.

Зерделі зерттеуші өмірінің соңында, яғни 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығына арнаған «Керімсал кенті» атты кітап жазды. Бұл шығармасында туған елі мен кіндік қаны тамған жері һәм оның айтулы тұлғалары туралы толғады, өскен ортасы жайлы толғанды. Сөйтіп, тарихи шаһардың шынайы шежіресін мұқым елге паш етті.

Ұлағатты ұстаз Темірбек Қожакеевтің ерен еңбегі дер кезінде бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен және алты медальмен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан жоғары мектебі ғылым академиясының құрметті академигі. Жамбыл облысы Меркі ауданының құрметті азаматы.

«Білімдінің сөзі ем, мейірімі көп, өзі кең!» деген екен ғасыр ақыны атанған Мағжан Жұмабаев. Сол айтқандай, Темірбек Қожекеұлының қаламынан туған дүниелердің бәрі қалың елі қазақ халқы үшін дәру болары хақ. Ғұлама ғалым қайтыс болғаннан кейін 7 томдық шығармалар жинағы тасқа басылды. «Тау тұлғалы Темаға», «Ұстаз. Ғалым. Қайраткер» атты естеліктер кітабы жарық көрді. Қара шаңырақтағы журналистика факультетінде Темірбек Қожакеев атындағы мәжіліс залы ашылды. Жыл сайын Т. Қожакеев оқулары аясында        «Жас тілшілер» атты ғылыми форум дәстүрлі түрде өтіп келеді. 2015 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданындағы №39 мектеп-гимназиясына Темірбек Қожакеевтің есімі берілді. Сол мектептің ауласына мүсіні қойылды. Алматы қаласы мен Меркі ауданының бір көшесі Темірбек Қожакеев атымен аталады. «Ғалымның хаты өлмейді» деген – осы!

 

Ермахан Шайхыұлы,

Қазақстан Жазушылар одағы

Сатира кеңесінің төрағасы