ӨМІРГЕ ӨКПЕСІ ЖОҚ АДАМ

04.02.2021

Көрулер: 1710

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі жазушы-публицист Сапар Байжановтың туғанына 90 жыл толуына орай «Ұлтының ұмытылмас тұлғасы - Сапар Байжановтың шығармашылығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті.

Конференцияда ғалым еңбектерінің арнайы көрмесі ұйымдастырылды.

Конференцияда ғалым еңбектерінің арнайы көрмесі ұйымдастырылды. Ғылыми жиынға Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағы, шетелдік ғалымдар, Республикалық БАҚ басшылары мен танымал журналистер, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері онлайн байланысқа шығып, Сапар Байжановтың өнегелі өмірі туралы естеліктермен бөлісті. Жазушының әдеби-рухани мұрасымен қатар, қоғамдағы қайраткерлігі ерекше аталды. 

Жазушының көзін көрген, қызметтес болған ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин Байжановтың журналистикаға арнаған саналы ғұмыры жайлы әсерлі естелік айтты. «Қазақстан медиа альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұртөре Жүсіп қайраткердің мемлекеттік архив басшысы қызметіндегі рухани байлықты қайтаруға сіңірген өлшеусіз еңбегін атаса, журналист Сәуле Әбішқызы сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің Бас редакторы ретінде әйледерге арналған арнай бет ашып, «Қаламқас» қосымшасын шығарғандарын ерекше тебірене еске салды. Бас редактор қызметіндегі Сапар Байжанов қазақ журналистерінің әлеуметтік мәселелерін ерекше назарда ұстап, олардың баспаналы болуына қосқан үлесін де ерекше аталды. 

Факультет деканы Сағатбек Медеубек Байжановтың бойындағы кішіпейілдік мінезі мен болмысын атап айтып, өнеге алар кісілігі жайлы айтып өтті. Кафедра меңгерушісі Гүлмира Серікбайқызы қазақтың танымал жазушысы, журналист, публицист Сапар Байжановтың конференциясын ұйымдастыру дәстүрге айналғандығын, жазушының қаламынан шыққан көптеген дүниелер, соның ішінде публицистік шығармалары, ең алғаш жарық көрген кітаптарының бірі "Үш қиян - үш даңғыл", шетелдегі іссапар очерктері енген "Ер еңселі ел" атты кітаптары бүгінде журналистика факультетінің студенттеріне оқу материалдары ретінде ұсынылып отырғандығын баса айтты. Жазушының өнегесі, туындылары осы күнгі өмірге лайықтап, жаңа көзқараспен зерттеп, рухани мұраларын сақтайтын ғылыми орта қалыптастыру қажеттігін ұсынды. 

Жиында Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлтық унвиерситеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ақсейіт Ғалия Манатқызы «Сапар Байжанов публицистикасының ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады. 

 

Сапар Байжанов еліміздің аға басылымы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне ұзақ жылдар басшылық жасап, мәдени және әлеуметтік дамуымызға сүбелі үлес қосқан. Бас редактор, қаламы жүйрік журналист, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сапар Байжанов оқу ордамыздың түлегі болатын. Оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген «Замандас туралы толғау», «Архив-айғақ», «Абай және архив», «Қажыға барған қазақтар» сынды зерттеулердің авторы Сапар Байжанов Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1952 жылы бітірген соң жастар басылымы - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің әдеби қызметкері, жұмысшы жастар бөлімінің меңгерушісі, редактордың орынбасары болып істеген. 1958–1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, Бас редакторы болған, 1965–1973 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің аппаратында жауапты қызметтер атқарған. 1973–1983 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы болып істеген. 1983–1994 жылдары республика Бас Мұрағат басқармасының бастығы болған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын иеленген. «Халықтар Достығы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Ол жайында «Өмірге өкпесі жоқ адам» атты естеліктер жинағы жарық көрген. Замандастары оған «қазақ журналистикасының қара жорғасы, қарымды қаламгер, білгір ғалым» деп баға берген.